Жауапкершілік жүгі ортақ

699

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен  облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған облыстық департамент, басқарма басшылары және тиісті сала мамандары қатысты. Сондай-ақ, аудан әкімдері селекторлық байланысқа қосылды.

Күн тәртібінде ықтимал су тасқынының алдын алу шаралары, облыс аумағындағы эпизоотиялық ахуал, өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай және алдағы атқарылатын шаралар таразыланды.

Мол суға тосқауыл қажет

– Алдағы кезеңде де дария арнасымен облысқа мол су келуі әбден мүмкін. Оған дайындыққа қазірден баса назар аударылды.  Өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерінің тұсы қауіпті 56 су басу аймақтарына бөлінген.  Мұндай орындарға жауапты ретінде 122  мекеме бекітілген. Қауіпті тұстарды қадағалауға 432 техника күші мен 1500-ге жуық адам тартылады. Қазір оған қажетті 76,7 мың тонна жанармай, 99 мыңнан астам қап, 27,7 мың бау қамыс және пашын, қарабура секілді дүниелер қолда бар. Биыл 643,5 млн теңге қорғаныс бөгетін нығайту, мұз жару жұмыстары, қап сатып алу және өзге де мақсаттарға қаралған, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин.

Биыл жылдағыдай өзен бойын­дағы қорғаныс бөгетін нығайту және арнаны қазу жұмыстары жал­ға­сын тапты. Нәтижесінде қауіпті 11 учаскені жөндеуге назар аударылды.  

Осы орайда облыс әкімі тиісті сала басшыларына барлық сақтық шараларына мән беру қажеттігін атап өтті. Су тасқынының алдын алу мақсатында бөлінген қаржы мен жұмыстың сапалы атқаруылуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.

– Айта кетерлігі, енді 1-2 айдың шамасында өзен арнасында мұз қата бастайды. Сол себепті алдағы уақытта атқарылатын маңызды жұмыстар бар. Атап айтқанда, Қармақшы ауданына қарасты Абыла елді мекені тұсындағы Тойымбет каналына екі су тоспасын салу қажеттілігі туындап отыр.  Дәл осындай бір көзді тоспа Жаңақорған ауданындағы Өзгент көліне де қажет.  Бұл жұмыстар жедел жүр­гізілуі тиіс. Сондай-ақ, Қазалы ауда­нының Тасарық, Қызылқұм елді мекендерін су басудан қорғауға мән беруіміз тиіс. Осы мақсатта Қуаң­дария каналына үш көзді су тоспасы салынады. Аталған істің жобалық-сметалық құжатын әзірлеу және құрылысын салуға қаржы қарас­тыру мақсатында бюджеттік өтінім жолдансын, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы тиісті сала басшыларына су басу аймақтарына жақын аумақтарға қажетті жұмыс­тарды ұйымдастыруды міндеттеді. Оған қоса «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына күз-көктем айларында түсетін су кө­лемінің бекітілген кестеге сәй­кес босатылуы үнемі бақылауда ұсталуы тиіс.

Ветеринариялық бақылау күшейтіледі

Биыл облыста төрт түліктің бабын жасап жүрген кейбір шаруалар мал шығынына ұшырады. Облыстың солтүстігінде түйе қырылса, Жаңақорған ауданында жылқы шығыны болды. Елімізде тіркелген құс тұмауына қарсы біздің облыста қандай шаралар қолға алынды?

Облыстық ветеринария бас­қармасының басшысы Ерсұлтан Апетовтың айтуынша, ауру ошақтарын болдырмау, оның алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында тиісті жұмыстар жасалуда.  Елімізде аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға тиісті қаржы бөлінеді. Биыл республикалық бюджет есебінен қаралған қаржы есебінен 5542,4 мың доза ветеринариялық препарат облысқа жеткізілді. Жыл басынан бері 57,6 мың ірі қара, 258,4 мың бас уақ мал, 27,5 мың бас жылқы, 8,3 мың бас түйе бірдейлендіріліп, дерекқор жүйесіне енгізілген.

– Облыс бойынша құс тұ­мауының алдын алу жұмыстарын қатаң қадағалап отырмыз,  96,8 мың доза ветеринариялық препарат жеткізілді. Үй құстарына вакцина егілді, – деді басқарма басшысы.

Осы орайда облыс әкімі аурудың алдын алу және болдырмау мақсатында тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Ең алдымен тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндірме жүргізілуі шарт.

Қатерлі індетпен күрес толастамайды

Жиын барысында өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай таразыға тартылды. Бүгінде 18 науқас стационарлық режимде, 1 науқас жансақтау бөлімінде ем алуда. Эпидмаусым басталғаннан бері жұмысқа тартылған  13 мыңнан астам қызметкерге тиісті қаржы төленді.  Он айдың қорытындысына сүйенсек, меди­циналық құралдармен жабдықтау жағдайы 88,5 процентті құрады. Инфекциялық стационарлардың реанимация бөлімінің құралдармен жабдықтау көрсеткіші де жоға­рылады. Қазір 244 ИВЛ аппараты бар. Одан бөлек, гуманитарлық көмек арқылы өңірдегі медициналық ұйымдарға 658 оттегі концентраторы жеткізілді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.

Бүгінде 24 мониторингтік топ облыс орталығы мен барлық ауданда 3 мыңға жуық нысанға рейдтік тексеру жүргізді. Мониторинг барысында 631 заң бұзушылық анықталып,  тиісті айыппұл салынған.

– Қазір ел арасында қауіпсіздік шаралары сақтала бермейді, отбасылық іс-шараларға тоқтау болмай тұр. Кафе, мейрамхана иелеріне қаншама мәрте ескерту берілді. Тіпті, айыппұл салынып та жатыр. Соған қарамастан келеңсіздік тыйылар емес. Мемлекеттік мекемелерде де сақтық шараларына назар аударылуы тиіс. Талап ортақ, карантин шараларының іске асуына бәріміз жауаптымыз, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында облыс әкімі тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң сақтауға ша­қырды. Сонда ғана қатерлі індетті жеңу жо­лын­да нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<