Жауапсыз мердігерлерге талап күшейеді

347

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аудандарға сапары бейсенбіде Қазалыда жалғасты. Аймақ басшысымен бірге ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова, Руслан Рүстемов және Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

Алдымен Нұрлыбек Машбекұлы Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің құрылыс алаңына барды. Мердігер «SCS инжиниринг» ЖШС  жұмысты қазан айында аяқтайды деп жоспарлауда. Аймақ басшысы аталған мердігер компанияның тек осы мектеп ғана емес, облыста бірнеше нысан құрылысын кешіктіргенін сынға алды. Халық игілігіне бағытталған  жауапты жұмысты мерзімінде, сапалы етіп аяқтау – мердігердің міндеті.  Осыны ескерткен облыс әкімі  сыннан қорытынды шығару керектігін айтты. Жоба құны 1 млрд теңгеден асады.

Айта кетейік, биыл ауданда апатты жағдайда деп танылған 1 мектептің мәселесі шешілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп бой көтермек. Мұнан бөлек, ұлттық жоба аясында кент пен қала ортасынан 600 орындық білім ошағының іргетасы қаланады.

Аймақ басшысы Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйінің құрылысымен де танысты. Бас мердігер «Қаз Құрылыс Сервис» ЖШС нысанды биыл қыркүйек айында пайдалануға бермек. Мұнда 80 адам жұмыспен қамтылған. Бұл нысанның да құрылысы бірнеше жылға созылған. Облыс әкімі мердігер мекеменің жауапсыздығы халыққа қажетті құрылыстардың мерзімінде аяқталуына кедергі келтірмеуі тиіс екенін қатаң ескертті. Биыл  Кәукей ауылындағы 100 орындық клуб іске қосылады. Ал Бірлік, Майдакөл, Шәкен ауылдарынан 100 орындық клуб құрылысын салу үшін тиісті құжаттар әзірленді.

Мұнан әрі Абай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы назарға алынды. Мердігер «Аман-Құрылыс» ЖШС жұмысты шілде айында бастаған, қазан айында аяқтайды деген жоспар бар. Айта кетейік, мұндай амбулаториялар Бозкөл, Кәукей елді мекендерінде де салынбақ.

Аудандық аурухана ғимаратына жапсарлас 46 төсектік қосымша құрылыстың (МРТ бөлімі, кардиология және инсульт орталығы) жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Мұнан бөлек,  25 төсектік инфекциялық корпус құрылысының жоба-сметалық құжаттары да әзірленуде. Бұрынғы емхана (қазіргі Жетес би дәрігерлік амбулаториясы) және Ұлттық сараптама орталығы Қызылорда облысы бойынша филиалының Қазалы аудандық бөлімшесі ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Нұрлыбек Машбекұлы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында  Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектепті күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.  Мектеп жаңа оқу жылына дайын болады.

Облыс әкімі Қазалы ауданына жұмыс сапарында Абай ауылын газдандыру және  ауданның автокөлік жолдарын салу жұмыстарымен танысты. 

Биыл Абай ауылында газ құбыры құрылысын бастауға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысымен «Ремстрой» ЖШС жеңімпаз атанған. Жалпы ұзындығы 15,090 шақырымды құрайтын газ құбыры арқылы 193 тұрғын үй және 8 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылмақ.

Мұнан бөлек,  Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған кварталда салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (ауызсумен, газбен және электрмен жабдықтау) жобасы жүзеге асуда. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталып, 6 ай бойы жалғасады.  Ауыл тұрғындары 15,3 шақырым ауызсу,  7 шақырым газ,  8,7 шақырым электр желілерімен, бәрін қоса алғанда 270 жер учаскесі инженерлік желілермен қамтылады.

Аймақ басшысы сапар барысында «Әйтеке би-Қазалы» аудандық маңызы бар автокөлік жолындағы қайта  жаңғырту жұмыстарын көрді.  Бас мердігер – «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС  жолды 4 жолақ етіп кеңейтіп, 2 темірбетон көпір мен 2 су өткізгіш құбырды қайта жаңартады. Мұнан бөлек, жол бойына жарықшамдар мен аялдамалар орнатады. Жол құрылысы 2020 жылдың тамыз айында басталып, өткен жылы аяқталуы тиіс болатын. Жұмыстың уақытында аяқталмауына байланысты сот шешімі шығып, қазір мердігер мекемеге мәжбүрлеп орындау міндеттелді. Нұрлыбек Машбекұлы жұмыс сапасын қадағалап, тез арада аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, биыл Қазалыдағы аудандық маңызы бар 4 автокөлік жолын орташа жөндеуге және 1 жолды қайта жаңғыртуға бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы қаралған. Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы қайта жаңғырту жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарлануда. Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелерін қайта жаңғыртуды бастауға мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, мердігер мекемемен келісім-шарт жасалды.

Мұнан бөлек, Әйтеке би кентінің 14,  Қазалы қаласының 15, Ү.Түктібаев елді мекенінің 6 және Ғ.Мұратбаев ауылының 1 көшесін жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінген

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<