Кезектен тыс өтетін Президент сайлауына дайындық барысы қалай? Сайлаушылардың қандай учаскелерге тіркелу мүмкіндіктері бар? Жауапты кезең алдындағы жұмыстар жайлы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалы директоры Аида Әбибуллаева және облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла, ОПД Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Сағындық Камитбеков брифинг барысында осындай мәліметтерден хабардар етті.
Алдымен Ғ.Баймырзаев облыс бойынша 382 сайлау комиссиясы барын айтты. Оның ішінде 9 аумақтық, 373 учаскелік комиссия, барлығы 2710 комиссия мүшесі жұмыс атқарады.
– Облыста 1 қазандағы мәлімет бойынша 488 мың 964 сайлаушы бар. Учаскелік комиссиялар жұмысын 21 қазаннан бастайды және қала, аудан әкімдері сайлаушылардың тізімін 30 қазан күні сайлау учаскелеріне қол қойып, табыстайды. Ал, учаскелік комиссиялар 4 қарашадан кешіктірмей тізімді сайлаушылардың танысуына ұсынады. 9 қарашадан кешіктірмей сайлаушыларға сайлау өтетін орны мен уақытын жариялау керек. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалымен бірге 800 комиссия мүшесін оқыту басталды. Облыс тұрғындарына сайлау учаскелерінде тізімде бар-жоғын анықтайтын «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тап!» жүйесі мен сall-орталықтар құрылды. SAYLAU.ORDA.GOV.kz ресми веб сервис, sailau_kzobot телеграм чат бот, SmartQyzylorda мобильді қосымша және 109 нөмірі жүйелері бойынша кез келген сайлаушы ЖСН арқылы дауыс беретін сайлау учаскесі жайлы толық ақпарат ала алады, – деді ол.
Мұнан соң С.Ибадулла цифрландыру бағытындағы дайындық шараларына тоқталды.
– Тұрғындардың ақпарат алуына қолайлы жағдай жасау үшін бірнеше сервис іске қосылды. Олар өздерін сайлаушылар тізімінен тексеру және бекітілген сайлау учаскесінің орналасқан жерін анықтау үшін «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» ресми веб-сервисіне қосыла алады. Бүгінде 5 мыңға жуық өтінім түсті (4363). Сервисте (saylau.orda.gov.kz) әрбір азамат өзінің жеке сәйкестендіру номерімен қай сайлау учаскесінде тіркелгенін және сол учаскенің қай мекен-жайда орналасқанын картадан онлайн көру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, 3 қадам принципімен @sailau_kzoBot телеграм чат боты жұмыс жасайды. Бүгінгі күнге 300-ге жуық (280) сұраныс түскен. Тұрғындардың веб-сервисті гаджеттер арқылы пайдалануы үшін «SMART QYZYLORDA» мобильді қосымшасында да ЖСН енгізу арқылы өз сайлау учаскесін қарайтын сервис қосылды. Аталған сервисте 150-ден аса қаралым болған. «109 бірыңғай байланыс орталығының» call-орталығы 24/7 режимінде жұмыс жасап тұр. Бүгінгі күнге облыс тұрғындары тарапынан барлығы 27 өтінім тіркелді. Оның ішінде: қала тұрғындарынан 23, аудандардан 4. Хабарламалардың басым көпшілігі – сайлау учаскесін анықтау бойынша сауалдар. Атап айтқанда, 27 хабарламаның 24-і сайлау учаскесін анықтау бойынша (ЖСН арқылы анықталады), қалған 3 хабарлама сайлаудың басталу және аяқталу уақыттарына қатысты түскен. Сонымен қатар, call-орталықтар Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерінің жанында да құрылды.
Ал А.Әбибуллаева филиал мамандары облыс аумағындағы оқу орындарымен келіссөздер жүргізіп, жатақханада тұратын студенттерді уақытша тіркеп жатқанын айтты. Олар оқу орындарының басшыларымен тікелей байланыс жасап, аудан, ауылдардан келген студенттерді тұрақты тіркеуден шығармай, жатақханаға тіркеуде. Оқу орнының басшылары жатақханада тұратын әр студенттің мәліметтері толтырылған хат жолдайды. Осы хат негізінде олар уақытша тіркеуге қойылады. Уақытша тіркеудің ұзақтығы – 1 жыл. Осы мерзім өткен соң автоматты түрде тіркеуден шығарылады. Бірақ аудан, ауылдардағы мекен-жайы бойынша тұрақты тіркеуде қала береді. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуде болуы тиіс. Егер белгілі бір мекен-жайдан шығарылса, 10 күн ішінде келесі мекен-жайға тұруы шарт. Бір ай мерзімде тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұрмаса, оған Көші-қон полиция қызметкерлері 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<