Облыста жылу беру маусымы әдеттегіден бес күнге ерте басталды. Бұл шешім ауа райына байланысты қабылданды. Оған қоса электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында қысқы маусымға дайындық барысы ойдағыдай жүргізілді.
– Қазір облыс бойынша 1185 әлеуметтік нысан мен көпқабатты 713 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесі қызметін пайдаланып отыр. Оның ішінде ғимараттардың 507-сі білім, 267-сі денсаулық, 411-і мәдениет және спорт салаларына қарайды. Біздің есебіміз бойынша әлеуметтік саладағы 1185 нысанға алдағы жылу маусымына 39,5 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын қажет болатын. Оған қоса жергілікті тұрғындар үшін 163,6 мың тонна көмір отынына сұраныс бар. Бүгінде 113 мың тонна көмір жеткізілді. Біз көмір бағасының өспеуін қатаң қадағалап отырмыз. Бұл мақсатта көмір өндіретін кәсіпорындармен тікелей келісім-шарт жасауға назар аударылды, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Мәлім болғандай, тұрғындар мен әлеуметтік нысандарға көмірді сақтап, өткізу мақсатында 30 қойма дайындалған. Оның 5-і облыс орталығында болса, қалғаны аудандарда.
Жылу беру маусымының алғашқы күндерінде Белкөл кентіндегі бірқатар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда проблема кездесті. Дегенмен, бұл мәселе бүгінде оң шешімін тауып, оларға жылу жеткізілді.
«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхиджан Кәрімбаев аймақты электр қуатымен қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан жұмыс барысын айтып берді. Осының нәтижесінде тұрғындарға іркіліссіз жарық беруге назар аударылып отыр.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<