Жауапты сәтте жұмыла білген абзал

663

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың аудандарға жұмыс сапары жалғасуда. Аймақ басшысы Шиелі ауданында болып тұрғындармен кездесті.

Еңбекші ауылындағы кездесуде елді мекенге газ тарту, жайылымдық жер, канал арналарын тазарту мәселелеріне жете мән берілді. Сондай-ақ, бірқатар шаруа қожалығының иелері пай алу жолдары, жем-шөп жеткізу, егін егу ісіне қатысты өз ойларын жеткізді.

Облыс әкімі аймақты газбен қамту көрсеткіші 67 процентке жеткенін, бұған дейін аудандағы Керделі, Шеген Қодаманов, Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл, Байсын ауылдары табиғи газға қосылғанын тілге тиек етіп, кезең-кезеңімен өзге де ауылдарға баратынын айтты. Сондай-ақ, биыл Алғабас пен Ақмая ауылдарына газ жүргізу жұмыстары аяқталмақ. Ал көктемгі егіс кезеңінде су тапшылығы жағдайын ескере келе Шиелі ауданына 15 насос қондырғысы алынып, 32 ұңғыма қазу ісі жүргізілетін болады.

Елді мекендерді аралау барысында облыс басшысы Шиеліде егін егу және мал басын аман сақтау мәселесіне қатысты өзекті ұсыныстарды арнайы жиында талқылады. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков азық-түлік қорын көбейту және өнім импортын азайту мақсатында биыл күтілетін су тапшылығы салдарынан дәнді дақылдар үлесін 2731 гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын 310 гектарға ұлғайтуды көздеп отырғанын, тамшылатып суғару әдісімен 150 гектар жерді пайдалану жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ, техникаларды даярлау, мал басын көбейту жұмыстарына қатысты негізгі мәселелерді ортаға салды.

Мұнан соң сала мамандары өз баяндамалары арқылы шаруаларға егінге қажетті судың болжамды көлемі, көлдер жүйесін суландыру, егін егуге дайындық барысын тілге тиек етті.

Бүгінде ауданға қарасты 48 канал бар, оның 28-і облыстың коммуналдық меншігіне қайтарылған. Аталған каналдарды тазалау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Егінге қажетті суды үйлестіру үшін былтыр 57,6 млн теңгеге 6 насос қондырғысы сатып алынған. Биыл 15 насос қондырғысы елді мекендерді қажетті аяқсумен қамтуға септігін тигізбек.

Өңір басшысы еткен еңбек еш кетпес үшін нақты іс-шара жоспарын қабылдап, жағдайға байланысты әрекет ету керектігін айтты.

– Су тапшылығы биыл да байқалады. Осыған байланысты нақты әрекетке көшпесек, тыңайтқыштар мен себілген тұқым зая кетуі мүмкін. Мал азығына қажетті жоңышқа егу мәселесіне де мән берген дұрыс. Қазір аудан әкімдігі мен шаруалар тиімділік жағын бірлесіп саралауы керек. Кімге мал азығы қажет, қай шаруашылық тиімді бағада азықты сата алатынын нақты жоспарын белгілеуі тиіс. Ал күріш көлемін қысқарту жөнінде айдың аяғына дейін белгіленген лимитті қарап, су беру кестесін құру керек. Мәселен, былтыр осы уақытта «Көксарайда» 2 млрд текше метрге жуық су болды. Ал биыл ондай су көлемі жиналмау қаупі бар, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ «Төңкеріс-К», «Бестам елі», «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығының өкілдері өз ұсыныстарын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі биылғы су деңгейінің төмен түскенін ескеріп, шекті мөлшердегі лимитке қарай әрекет ету, төрт түлік малға қажетті жем-шөпті уақытылы жеткізу және егіс барысында суды аз қажет ететін өнімдерге мән беру қажеттігін еске салды. Сондай-ақ, ветеринар мамандардың ауыл-ауылдарды аралап, көмек көрсету және субсидия беру мәселесінде заңдылықты түсіндіру керек екендігін ескертті.

Әрі қарай аймақ басшысы Телікөл ауылдық округіне барып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан көпір тұсында ауыл тұрғындарымен тілдесіп, алаңдатқан сұрақтарына жауап берді. 1500-ден аса тұрғыны бар ауыл егін және мал өсірумен айналысады.

– Заманымыз тыныш. Сонда да айтылар мәселе жоқ емес. Соның бірі – мына ауылға кіреберістегі көпірдің жағдайы еді. Бұл жұмыс біртіндеп іске асуда. Екіншісі – газ тарту. Көрші ауылдарға тартылған «көгілдір отын» бізге де келсе деген тілек бар, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Халықберген Тұрсынбетов.

Телікөлге барар жолдағы көпірді салу жұмыстары былтыр  басталған, жыл соңына дейін аяқталады. Ұзындығы 42 метрді құрайды.

– Шиеліде екі авариялық көпір бар. Екеуінің де жұмысын бастауға  қаржысы бөлінді. Биыл бөлінген қаржысы да толық игерілді. Сондай-ақ Гигант ауылындағы көпір құрылысы да биыл аяқталады, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Тілеуімбетов.

Кездесуде өңір басшысы ауыл тұрғындары айтқан мәселелердің біртіндеп іске асатынын мәлімдеді. Сондай-ақ жоғарыдан түсетін су деңгейіне байланысты егін егуді мерзімінде бастап, барынша тиімді әрекетке көшу керектігін айтты.

Жалпы биыл Үкімет резервінен барлығы 22 каналды тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алу жоспарланып отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<