Жаудан тайсалмаған жауынгер

458

0

Жеңіс күні қарсаңында редакцияға көптеген хаттар келді. 1941-1945 жылдары майдан даласынан оралмаған жауынгерлерді де ұмытпау парызымыз. Ерлігін еске алып, тағзым етеміз. Із-түссіз жоғалып кеткендері қаншама? Біреу атасын, біреу әкесін, ағасын, інісін, бауырларын іздегендер көп. «Боздақтар» кітабына майдан даласында жоғалған жауынгерлер туралы деректер енген. Кітап беттерінен іздеу салған туысқандары жайлы жазылған деректерді оқып, суреттерін көріп, аттары жоғалмағанына ұрпақтары қуануда.

Соғысқа Отан үшін өз еркімен сұранып, жастық жалынымен жаужүректік танытып жауға дес бермеген жауынгер − Назар Батыров. Ол 1916 жылы дүниеге келген. 1939 жылы Сырдария әскери-военкоматынан әскерге шақырылған. Финляндияны азат етуге үлес қосқан. 1941 жылы 16-қазанда Латвияның Каунас қаласында 16 қазанда жазған соңғы хаты келген. Құжаттар тапшылығынан батырдың майдан даласындағы орны, шайқасқа түскен жерлері, әскери қозғалыстар бағыты туралы ақпарат аз. Дегенмен ол нағыз жауынгер, елін сүйген ер болатын. Өзінің майдан даласынан жолдаған хатында: «Еліміздің болашағы үшін соңына дейін шайқасамыз ант» деп жазба қалдырған. Ол уәдесінде тұрды. Содан кейін хабарсыз кеткен. Уақытында қарындасы Жамал Батырова іздеу салған, алайда таппаған.

– Нағашым соғысқа дейін Огородик колхозында тұрған. Балаларға сабақ берген. Оның жауынгер болғанын біз мақтан етеміз. Қанша уақыт өтсе де, ол туралы ақпарат табылатындай үмітпен қараймыз. Оның есімі «Боздақтар» кітабына енген. Естелік кітап сұрапыл соғыстың қалдырған өшпес ізін ойша саралауға, жауынгерлік ерлігіне құрметпен бас июге мүмкіндік береді. Оны соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлерге арналған мәңгілік ескерткіш деуге болады, – дейді жиені Қажымұрат.

Қазақ халқының қаһарман перзенттері Ұлы Отан соғысының қан майдандарында ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Ұрпақтары жауынгер бабаларына тағзым етеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<