Жауһар жырдың ордасы

4086

0

Қызылорда қаласында «Руханият жылы» аясында облыстық филармония жанынан тұңғыш рет «Жыраулар үйі» ашылды.

Айтулы шараға облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алмас Алматов, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов, дәстүрлі әнші Ақан Әбдуалиев, жыршы, Мәдениет қайраткері Амандық Көмеков, жыршы, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен және руханият жанашырлары қатысты.  «Жыраулар  үйінің» лента қию рәсімі өнер қайраткерлеріне ұсынылды.

Айта кетейік, өнер ордасында «Қорқыт ата» композициясы қойылған. Тарихи композицияда түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, күй атасы Қорқыт баба бейнесі және Жанкент, Сауран, Шірік-Рабат сынды көне қалалар суреттеліп, «Инфокиоск» ақпараттандыру құрылғысы орнатылған. Оған «Жыраулар үйіне» қатысты толық ақпарат енгізіліп, ұсынылуда. Ал ғимарат дәлізінде ақын-жыраулардың суреті ілінген.

Сондай-ақ конференция және көрермен залы бар. Сахна ұлттық нақышта безендірілген. Бұл концерттік зал телевизиялық түсірілімдер жасайтын студияға да лайықталған. Мұнда экспозициялық музей залы да жасақталған. Музейдің оң жақ қанаты 5, сол жақ қанаты 3 секцияға бөлініп, Қорқыт баба мұрагерлері  Нышан, Нұрғали сынды бақсылар қобыздарының суреттері көрініс тапқан. Сыр өңірінде үш жыраулық мектеп бар екені белгілі. Сондықтан мұнда Нұртуған, Жиенбай, Нартайдың суреттері, тұтынған заттары мен жеткен жетістіктерінің құжаттары қойылған.

Облыста 2006 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан түркітілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінен де көрініс орын алған. Бұдан бөлек, жыраулық өнерді насихаттауда қолданылған аспаптар мен киімдер бар.

Ашылу салтанаты Сыр сүлейлерінің ізбасарлары, жыршы-жыраулардың концерті әрі жыр-шашуымен жалғасын тапты.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<