«Жауқазын жүрек»

221

0

Облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Жауқазын жүрек» атты облыстық балалар шығармашылығын дамытуға арналған көшпелі әдеби алаңы жыл бойы түрлі тақырыпта әр ауданда ұйымдастырылып келді. Ал қорытынды іс-шарасы Жаңақорған ауданы Амангелді Абдуллаев атындағы зияткерлік мектебінде өтті. Бұл жолғы тақырып сатира жанрына арналды. Әдебиетті сүйетін жас талапкерлер қызығушылығын арттырған іс-шараға облыс орталығы мен аудандардан 40 таңдаулы оқушы қатысты.

Жаңақорғанда ұйымдастырылған қорытынды сайыста жеткіншектер «Сөз сойылдың» Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлық иегері, республикаға танымал сықақшы  Нұрмахан Елтайдың шығармалары бойынша танымдық жұмыс жасады.

«Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжақан Ізбасарова жас толқынның ой-өрісін байытып, байыпты бағыт түзуіне жанды ықпал ететін іс-шараға ықылас танытқан ізденімпаз шәкірттерге сәттілік тіледі.

Талапкерлер сайыс шартының бірінші бөлімінде Нұрмахан Елтайдың «Ауылға әкім келді», «Осылай да ойнай ма екен?» деген шығармалары бойынша оқиғаны одан әрі өрбітіп, диалог құруға тиіс болды. Автордың құм ішіндегі шалғай ауыл тұрғындарымен кездесуге келген ел жағдайынан мақұрым басшының ауыл халқының алдында әжуаға қалатын күлкілі көрінісін жас талапкерлер өздігінше өрбітіп, ой саларлық жақсы дүние жасады.

«Талантты жеткіншектеріміздің ойлау қабілеті мен оқиғаны өрістетіп алып кететін қиял-пайымына тәнті болдым. Бұл – күнделікті ізденіс пен ұстаздарының берген білімінің жемісі. Жастарымыздың арасынан талай дарындылардың әдебиет әлеміне өз соқпағын саларына сенемін», – деді шығарма авторы.

Қорытындысында өнерлі ұландарға Алғыс хаттар мен автордың кітаптары сыйға берілді. Жаңақорған аудандық білім бөлімі басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мира Жандарбекова, бөлімнің қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері Ақжарқын Бабаджановалар аудандардан келген әріптестеріне ризашылық білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<