Отан қорғаушылар күні қарсаңында
Күнделікті қызмет барысында қызыл жалынмен алысып жүрген қатардағы өрт сөндіруші кей-кезде қауіпті оқиғалармен бетпе-бет келетінін жақсы біледі. Әр күн сайын жұмысқа бет алғанда тәуекелге бел байлап шығуы қажет. Өйткені, қызмет талабына орай түрлі төтенше жағдайлардың дәл ортасында болуы мүмкін. Әйтсе де, ол қызмет барысындағы қиындықтарға еш мойыған емес. Қайта адамдарға көмектесу, қоғам мүлкін құтқару – басты қызметтік міндетім деп біледі.
Кейіпкеріміз туралы әріден бастасақ, Жәдіков Шыңғыс Байділдәұлы Жаңақорған ауданынында ел егемендік алған жылдан кейінгі жылы қыстың үшінші айының үшінші күні қарапайым ауыл отбасысында дүниеге келген. Сәби және балалық шағы тоқырау заманымен тұспа-тұс келгендіктен бала кезінен-ақ еңбекпен тапқан нанның қадірін жақсы біліп өсті. Ата-анасы еңбекпен шыңдалған ауыл адамдары ретінде бұны да «үйдің тұңғышысың» деп бауырына қамқор болуға бағыттады. №56 орта мектептен хат таныған ол ұстаздарының алдынан кесе көлденең өткен емес, бүгінде сол ауыл мұғалімдерінің мақтанышына айналып отыр.
«Бала күнімнен әскери маман иесі болуды армандадым. Бақытыма орай Отан алдындағы борышымды 2010-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Ішкі әскерде өтедім. Алматы облысы Қапшағай қаласы, Заречный ауылы №7552 Әскери бөлімі №2 атқыштар батальоны №6 атқыштар ротасында сақшы болып әскери міндетімді атқардым»,-дейді Шыңғыс Байділдәұлы әңгіме барысында. Әскери қызметін мүлтіксіз орындағандығына орай әскер қатарында да грамота-алғыс хаттармен марапатталған екен.
Ол кейін – 2012 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтына оқуға түсті. Оқуда жүріп, 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай Астанада өткен әскери парадта сап түзеп, көпшіліктің көзайымына айналды. 2016 жылы ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдап, Жаңақорған ауданы №14 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып абыроймен еңбек етті. 2016 жылдан бүгінге дейін Жаңақорған ауданы №14 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып, қызмет өтілін жалғастыруда.
«Қызметтен тыс кезеңде футболды, яғни теңбіл допты қос аяқта ойнатқанды жаным сүйеді. Футбол бір жағынан тынысыңды кеңейтеді. Доп қуалап жүгіру, бүкіл дененің қозғалысын реттейді, қан айналымды жақсартады»,-дейді ол.
Қауырт қызметте кездесетін қиындық та жоқ емес. Алайда, жауынгер Жәдіков қызмет барысы қиын екен деп кері шегінетіндердің қатарынан емес, қайсар мінезді жігіт. Оған дәлел мына оқиғалар:
«2021 жылдың 21 шілдесінде 20 сағат 20 минутта Жаңақорған ауданы, Машбек Нәлібаев ауылдық округіне қарасты, «Бақытжан» шаруа қожалығында рулон шөп өртеніп жатқаны туралы «101» байланыс телефонына хабарлама келіп түсті. Аталған хабарлама бойынша Жаңақорған ауданы №14 өрт сөндіру бөлімінен 2 дана негізгі өрт сөндіру автокөлігімен құрамында 9 қызметкер оқиға орнына бардық. Барлау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде анықталғаны «Бақытжан» шаруақожалығында 3000 рулон жоңышқа шөбі толығымен жанып жатыр екен. Бүкіл аумақты алып, аждаһадай шарпып жатқан, қызыл жалын, алапат өрт жергілікті уақытпен сағат 23-тен 30 минут өткенде оқшауланып, ертеңгі күні таңғы сағат 10-нан 40 минут өткенде толық сөндірілді. Қызыл жалынды тынбай, демалмастан әрекет етіп, сөндіріп алмасақ, жақын маңдағы ауылды да жалын шарпу қаупі төніп тұрды. Бірнеше сағаттарға созылған өрт сөндіру жұмыстары өрт сөндіруші-жауынгер жігіттердің ащы тері мен тынымсыз еңбегінің арқасында ауыздықталды, зардап шеккендер болған жоқ»,-дейді ол өзі атсалысқан күрделі өрт оқиғалардың бірін еске алып.
«Күнделікті тәуліктік кезекшілік қызметте тек қана өртпен ғана айқаспаймыз, сонымен бірге авариялық-құтқару жұмыстарына да шығып, құтқару көмегін көрсетеміз. Сондай оқиғаның бірі.2021 жылдың 3 қарашасында болған еді. Сол күні 18 сағат 05 минутта «101» байланыс телефонына екі жеңіл автокөліктің соқтығысуы салдарынан адам қысылып қалғандығы жөнінде хабарлама келіп түсті.
Аталған хабарлама бойынша Жаңақорған ауданы №14 өрт сөндіру бөлімінің негізгі өрт сөндіру автокөлігімен құрамында 5 қызметкер болып, оқиға орынына жеттік. Барлау жұмыстарын жүргізу барысында Жаңақорған ауданы, Жаңақорған – Шалқия тас жолының бойында 1990 жылы шыққан «Mersedes–Benz-190» жеңіл автокөлігі 1989 жылы шыққан «Mersedes–Benz-230» жеңіл автокөлігімен соқтығысып, нәтижесінде «Mersedes–Benz-190» жеңіл автокөліктің жүргізушісі қысылып қалғандығы анықталды. Жергілікті уақытпен сағат 18-ден 18 минут өткенде қысылып қалған жүргізушіні «Холматро» әмбебап авариялық-құтқару құралын пайдалана отырып, апатты автокөліктен шығарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырдық.»,-дейді Шыңғыс Байділдәұлы. Айта берсе, мұндай мысалдар көп-ақ…
Жауынгер Жәдіковтің от пен су кешіп жүріп, атқарған еңбегі еленіп, 2017 жылы Жаңақорған ауданының әкімі Ғ. Әміреевтің атынан 30 тамыздағы Қазақсан Республикасының Конституциясы күніне орай «Алғыс хат» табысталды. 2021 жылы Жаңақорған ауданының әкімі Р. Рүстемов Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай оны «Апатқа араша» номинациясымен марапаттады.
Азаматтық қорғау капитаны Шыңғыс Жәдіков отбасында ата-анасы – Байділдә мен Перизаттың, бауыры – Оразханның, қала берді ауыл-аймағының мақтанышына айналып отыр. Бүгінде өзі де жас шаңырақтың отағасы, жұбайы – Айғаным Шахимахмұдқызы аудандық емханада дәрігер болып қызмет етеді. Жас отауға алдағы уақытта да бақ-берекелі, үбірлі-шүбірлі болуына, қызметте жетістікке жете беруіне тілектестік білдіреміз.
Айгүл Нұрманова,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<