Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиыны өтті.
Жауынгерлік әдіс-тәсілдер көрсетілімі аяқталғаннан кейін Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілер алдында сөз сөйледі. Оқу-жаттығу жиынына жұмылдырылған бөлімшелердің дайындық деңгейіне оң баға берді.
Президенттің пікірінше, біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет.
– Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз және шығаруымыз керек. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев офицерлер мен жеке құрамның жауынгерлік машығы, моральдық рухының жоғары болуы Қарулы Күштер тиімділігінің басты факторы екенін айтты.
– Әскери даярлыққа және командирлердің кәсібилігіне жоғары талап қойылады. Сондықтан қазіргі заманғы ұрыс жағдайында бөлімшелер негізгі күштен бөлек, дербес әрекет етуге дайын болуы қажет. Командирлер мен бастықтар батыл шешім қабылдап немесе орынды бастама көтеріп, берілген тапсырманы орындау үшін тың тәсіл қолдануы керек. Олар батылдығымен, төзімділігімен және антқа беріктігімен көпке үлгі болуы қажет. Әскердің күші – тәртіпте! Бұл ретте командирлердің атқаратын рөлі ерекше. Қарулы Күштердегі дайындықтың жоғары деңгейін, өзара үйлесімділікті және қатаң тәртіпті сақтау қажет. Әрбір сарбаз өзіне сеніп тапсырылған қару мен техниканы жетік меңгеріп, оларды ұрыста шебер қолданып, жедел шешім қабылдап, батылдық танытуы керек, – деп сөзін түйіндеді Президент.
Бақытжан – аралдың тумасы
Мемлекет басшысы далалық әскери лагерьде сарбаздармен әңгімелесті.
– Жаттығу дұрыс өтті ме? – деп сауал қойды Президент сарбаздарға. Олар жаттығудың өз деңгейінде өткенін айтты.
– Құрметті Президент мырза, уақытыңызды бөлгеніңізге, сізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Сіздің берген тапсырмаларыңызды орындауға дайынбыз! – деді әскери қызметкер.
– Мен де қуаныштымын, Астанадан арнайы келдім. Жаттығуды көрдім, қызметтеріңіз ойдағыдай бола береді деп сенемін. Ел үшін атқарған қызметтен қасиетті қызмет жоқ. Сондықтан ел болып, халық болып біртұтас мемлекетке қызмет етейік, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі сарбаздармен жеке-жеке әңгімелесті.
– Сен қайдан келдің?
– Қызылорда облысының Арал қаласынан.
– Дұрыс болды, мектепті Қызылордадан бітірдің бе? Әскерге бірден келдің бе?
– Мектепті Арал қаласынан бітірдім. Мерзімді әскери қызметтен кейін сол жерде келісім-шарт бойынша жұмысқа қалдым. Қазір Қарулы Күштер қатарында, сержанттар құрамында қызмет етемін.
– Ата-анаң Қызылорда облысында тұра ма? Оларға сәлем айт!
– Рахмет, сәлем айтамын.
– Ол кісілер не істейді?
– Зейнетте.
– Мен жастарды әрдайым қолдаймын. Мемлекетіміздің болашағы жастардың қолында. Біздің мемлекетімізде орташа жас 32 болғандықтан, елдің тірегі – сіздер! Біздің жастарымыз ақылды, ұшқыр ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу. Сондықтан жастарға ең алдымен қолдау көрсетіледі, – деді Мемлекет басшысы.
Біз Президент сәлемін Сыр еліне жеткізген Бақытжан Борахаевтың анасы Жанаргүл Абдуллаевамен телефон арқылы сөйлестік.
– Бақытжан – менің тұңғышым. Аралдағы №57 мектепте оқыды. Қарулы Күштер қатарында қызмет етуді бала күнінен армандады. Бірақ әскери оқу орнына түсе алмады. Сосын қатардағы жауынгер ретінде борышын өтеп, келісім-шарт бойынша әскерде қалып қызмет жасады. Содан бері осы салада. Мемлекет басшысының әскери азаматтармен жүздесуі, оның ішінде ұлымның жүзбе-жүз дидарласуы ерекше толқытқаны рас. Бұл –жастарға жігер, рух беретін ерекше сәт, – деді анасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<