ЖАЙДАРЫ ЖАЗДЫҢ ҚЫЗЫҒЫ

342

0

Жаз. Бұл мезгілде мектеп оқушылары демалысқа шығып, бос уақытын бірі – үйде, бірі – ауылда, енді бірі лагерьлерде өткізеді. Еліміз бойынша олардың демалыс маусымын лагерьлерде жоғары деңгейде ұйымдастыру ісі басталып кетті. Өңірде бірнеше тынығу орны есігін айқара ашты. 

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев балақайларды шат кө­ңі­л­ге бөлеген «Сырдария» ла­ге­­ріне барып, демалушылармен кез­десті. Аймақ басшысы оларға «Денсаулықтарыңызды нығайтып, жаңа дос табуға және жақсы де­малыстан кейін қайтадан оқуға кірі­сулеріңізге тілектеспін», – деген ізгі лебізін білдірді.

Байқағанымыздай, лагерьде тың­­­­ғылықты демалыс өткізу үшін көптеген қызықты шаралар ұйым­­­дастырылады. Олардың қа­та­рында түрлі спартакиада, әскери-патриоттық ойындар мен әркелкі байқаулар бар. Бірнеше өнер үйір­­мелері ашылған. 2 қабаттан тұратын 4 жатын орынды ғимарат, қызметтік және дәрігерлік пункт, 80 орынға лайықталған асхана үздіксіз жұмыс істейді. Демалушыларға ұсы­­нылатын тағамдар санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес қа­­таң тексеріледі. Сондай-ақ, бала­­лардың денсаулығын нығай­ту мәсе­лесі медицина қыз­мет­кер­лерінің бақылауында бо­лады.

– Терең білімді өрендер мен спортта оза шауып, олжа салған оқушылар біздің лагерьде талабын ұштайды. Жазғы демалыс биыл бірнеше бағытты қамтымақ. Ба­ла­­­лардың бейімділігіне қарай үйір­мелер жұмысын жалғастырады. Өнерге ынтасы барлар домбыра шертіп, мың бұрала билеп, ән шыр­қайды. Ал шымырлары спортқа қатысады. Жаңа маусымның ерек­шелігі – этноауылдың ашылуы. Яғ­ни, киіз үйлерде тоқыма тоқу, киіз басу, кесте тігуге машықтандырады. Бұл – балаларға әдемі демалыс сый­лап ғана қоймай, оларды шығар­машылық тұрғыда дамыту, – дейді лагерь директоры Мейірман Кен­жебаев.

 «Сырдарияда» жазғы демалысты тиімді өткізуге болады. Нысанның демалушыларды қабылдауға деген дайындығы сақадай сай деуге толық негіз бар. Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, облыстың білім беру мекемелеріндегі 1-10 сыныптағы барлығы 136200 оқушы облыстық және республикалық жазғы тынығу лагерьлерінде демалып, спорт клубтары мен түрлі үйірмелерде бос уақытын тиімді өткізеді екен. 2017-2018 оқу жылы 136-дан астам оқушы тиімді демалыспен қамтылмақ. Оның ішінде 9 жазғы тынығу лагерьлері 7 ауысымда де­малушыларды қабылдаса, 111200 бала мектеп жанындағы жазғы лагерьлерге барады. Мамандардың айтуынша, бұдан бөлек оқушылар үшін аймақтың көрікті жерлеріне экскурсия мен түрлі спорттық-танымдық секциялар мен үйірмелер жұмысы ұйымдастырылады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<