Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының негізінде жастар мен жасөспірімдерге ұлттық құндылықтар және мәдениетті насихаттау, өскелең ұрпақ санасына ұлттық код ұғымын сіңіру мақсаты тұр. Облыстық жастар ресурстық орталығында «Жас Ұлан» ББЖҰ ҚБ облыстық «Асыл мұра» этнофестивалі өтті. Оған 150-ден аса жас пен жасөспірім қатысты.
«Ұлттық мәдениет» бөлімінде облыстық тарихи-өлкетану музейі экспозициясы таныстырылымы мен фестивальдің ашылуы болды. Ал «Ұлттық жәрмеңке» тақырыбында бабадан жеткен қолөнер туындылары, Ұлы даланың сан қырлы тарихынан сыр шертетін аса мол археологиялық ескерткіштер, сонымен қатар, көрпе, түскиіз, сырмақ, кесте, саз, тас, ағаш, мата, жүн, теріден жасалған бұйымдар, зергерлік бұйымдар, ағаш ыдыс-аяқ, астаулар көпшілік назарына ұсынылып, «Ұлы дала өнері» тақырыбында қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.
«Ұлт символдары балалар қолымен» тақырыбында қатысушылар өз шығармашылығынан шыққан шағын түрдегі жұмыстарын көрсе, қазақтың ұлттық тағамдарының ерекшелігі мен құндылығын, қонақжай дәстүрін құрметтеуге бағытталған «Ұлттық тағам-ұлт мақтанышы» көрмесінде қатысушылар тағамдардың жасалу жолдарынан түсінік берді. «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» бөлімінде ұлттық спорт сайысы түрлерінен ер балалар «Асық ату», қыздар «Бес тастан» жарысты.
Фестиваль барысында көрме жұмыстарымен қатар қатысушылар караокеде ұлттық әндерді орындап, мақал айтудан түрлі ойындарға қатысты.
Фестивальға Қазақстан «Қолөнер шеберлері» одағының облыс бойынша өкілі «Қарлығаш» шеберлер орталығының төрайымы Қарлығаш Ілиясова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі меңгерушісі Эльзира Нағашыбайқызы, облыстың «Асық ату» мен «Бес тас» ойыны бойынша бас жаттықтырушысы Азамат Көбелов, қалалық Оқушылар сарайының педагогы Ескендір Серманов қатысып, бағалады.
Арал, Қазалы аудандары І, Шиелі, Қармақшы аудандары ІІ, Жаңақорған ауданы мен №9 Білім-Инновация лицейі ІІІ орынды иеленіп, қаржылай сыйлықпен, сертификат-дипломдармен марапатталды. «Бес тас» және «Асық ату» ойындары бойынша қаладағы №№235, 176, 7 мектеп пен №10 Білім-Инновация лицейі, Сырдария және Жалағаш ауданы ұландары «Зерек ұрпақ», «Мықты мерген» номинацияларын иеленді. Сыр өңіріндегі болашақ қолөнершілердің басын қосқан бұл фестиваль талай жастың жүрегіне үміт шырағын жағып, асыл мұраны жаңғырта түсуге үндеді.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<