Жаз қызығы – жақсы демалыс

1841

0

Мектеп жасындағы балалар үшін  жаз мезгілінің  маңызы ерекше. Күнделікті сабақтан босап, осы уақытты барынша қызықты әрі көңілді өткізуге тырысады.

Жыл бойы ұзақ оқу мен емтиханнан өткен бала демалысты асыға күтетіні белгілі. Бала денсаулығын, ой-қабілеті мен спортқа бейімін нығайту іс-шараларын дұрыс өткізу оның жаңа оқу жылын сергек бастауына септігін тигізеді. Сондықтан елімізде оқушылардың жазғы демалысын пайдалы ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. Білім беру мекемелері үшін бұл кезең үздіксіз білім беру жүйесінің бір бөлшегіндей.

Былтыр оқушылар эпидемиологиялық ахуалға байланысты қашықтан білім алды. Онлайн форматта білім беру мен оқудың өзіндік жөн-жосығын ұстаздар мен оқушылар жақсы біледі. Осыған орай шектеу шаралары кезінде жіберілген олқылықтың орнын толтыру үшін жазғы мектеп ұйымдастырылуда. Әрине, бұл – бала уақытын тиімді пайдалану үшін таптырмас мүмкіндік. Бір айта кетерлігі, мұны өткізу қосымша қаржыны талап етпейді. Мұғалімдер биылғы оқу жылына бекітілген тарификация бойынша жұмыс істейді. Сондықтан олар кезекті еңбек демалысына 20 маусымнан бастап шығады. Жазғы мектептің бір ерекшелігі – оқушылар сабаққа еркін формада қатысып, оларға үй тапсырмасы берілмейді. Бұл ретте үлгерімі төмен оқушылар басты назарға алынады.

Осы орайда қаладағы Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейіне барып, жазғы мектептің жұмысымен таныстық. Мұнда бастауыш және жоғары сыныптан барлығы 500-ге жуық білім алушы дәріс алады. Сондай-ақ, оқушылардың шығармашылықпен айналысуы үшін бірнеше үйірме бар. Ұстаздар мен оқушылар «Жасыл мектеп» жобасы аясында өсімдік түрлеріне тәжірбие жасап, тың дүниелермен айналысуды қолға алған.

– 26 мамырдан бастап жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Білім алушыларға 23 педагог сабақ береді. Оқушылардың шығармашылығы мен ойлау қабілетінің жан-жақты дамуы үшін әртүрлі үйірмелер жұмыс істеуде. Атап айтқанда, «Сoworking» орталығы, «Дарынды дос» жолдастық көмек көрсету жобасы, «Жасыл мектеп», домбыра сыныбы және IT бағытындағы үйірмелер жас өрендердің шығармашылығын ұштауға арналған. Сондай-ақ, пәндік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу басты назарда. Мектеп ұстаздары, өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері, дебат клубы жоспарға сай түрлі бағытта жұмыс істеп жатыр, – деді мектеп директоры Айгүл Өткелбаева.

Айта кету керек, облыстағы 295 мектептен 117 мыңға жуық оқушы жазғы мектепке қатысуда. Оларға 14 мыңнан астам педагог сабақ беріп, арнайы сыныптар жасақталған.

Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде балалар мен жеткіншектердің 90%-і жазғы демалысын 10 мыңнан астам түрлі үлгідегі сауықтыру кешендерінде өткізеді.

Облыстық білім басқармасының бастамасымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лагерьлердің жұмысын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша жауапты мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен облыстық семинар өтті. Семинар қорытындысымен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, облыстық денсаулық және білім басқармасының бірлескен бұйрығы қабылданды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қауіпсіздік шаралары аталған қаулы аясында жүзеге асырылады.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл жазғы маусым кезеңінде 1-10 сынып аралығындағы 169 263 баланың 100 мыңнан астамы жазғы тынығу лагерінде демалады. Сондай-ақ, аймақтағы 9 тынығу лагері өз жұмысын бастайды. Облыста биыл 7 мемлекеттік және 2 жеке лагерь балалар үшін жұмыс істейді. Аталған лагерьлерде 7 ауысымда 8 260 бала тынығады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, маусым айынан бастап «Жазды қуанышқа толтырайық!» тақырыбымен облыста барлық қосымша білім беру ұйымдары және мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагері ашылды.

– Мектеп туризмін жандандыру бойынша өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерге 32 мыңнан астам оқушы саяхаттайды. Сонымен қатар жаз маусымында 5 мың бала облыстағы меценаттар мен демеушілер есебінен демалады. Нұр-Сұлтан қаласына экскурсияға барады. Жазғы уақытта балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін аула клубтары, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын қалыптастыру, зияткерлік, дебаттық, техникалық, өнер шеберлігін дамыту бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Айта кету қажет, экскурсиялар кезеңінде балалардың қауіпсіздігін сақтау және түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданып, арнайы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі, – деді облыстық білім басқармасы тәрбие бөлімінің бас маманы Жадыра Шариева.

Аймақта 270 мектеп жанында  күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы жүргізіледі. Мұнымен қоса, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 31 мың баланы сауықтыру демалысымен, саяхатпен қамту бағытында қолдау шаралары бірінші кезекте ұйымдастырылады.

Биыл «Қамбаш» олимпиада және қосымша білім беру орталығы 7 ауысым бойынша 1000-нан астам баланы жазғы демалыспен қамтиды. Лагерьдің  ауысым ұзақтығы 10 күн. Орталықта бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға 5 мезгіл дәруменді тамақ беріледі. Сондай-ақ, мұнда сауықтыру шарасын ұйымдастыру мақсатында тіс дәрігері мен дәрігер-педиатр жұмыс істейді. Лагерьге келген балалар еліміздің тарихымен, мәдениетімен танысу үшін Арал, Қазалы ауданындағы музейлерге, «Байқоңыр» ғарыш айлағына және «Қорқыт ата» кешеніне саяхаттайды.

– Лагерь бағдарламасында тәрбиешілер мен үйірме жетекшілері балалардың қызығушылығы мен психологиялық жас ерекшелігіне қарай топқа бөліп, белсенді жұмыс атқарады. Мұнда «Робототехника», «Намыс» әскери-патриоттық клубы, «Happy English», «Золотой ключ» тілдік үйірмелері, «Спортпен достас», «Бассейнде жүзу» үйірмесі, «Алтын сөз», «Дизайн», «Жас пікірсайысшылар клубы», «Шұғыла» би үйірмелеріне қатысады. Әрбір жеткіншек өз қалауы бойынша шығармашылықпен айналысып, уақытты тиімді әрі қызықты өткізе алады, – деді орталық директоры Рахан Қалиев.

Көңілді жаз мезгілінде балалар демалысы осылайша жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Қауіпсіздік білім басқармасының бақылауында болады. Дегенмен  тілсіз жаудың құрбаны болмас үшін ата-аналар тарапынан да қатаң бақылау қажет. Табиғат аясына демалысқа шыққанда сақтық шараларын жүргізу қажет.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<