Жазасын өтегендер жұмысқа орналасты

570

0

Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан адамдарды бейімдеу үшін жұмысқа орналастыру жүйелі жүргізіліп келеді. Олар арнайы есепке алынып, жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты еңбек көзін табуда.

Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы мәліметіне сүйенсек, пробация қызметі есебінде тұрған 400 азаматқа құқықтық, психологиялық көмек көрсетілген. Оның 350-і пробация қызметі есебінде тұрса, 50-і – жазасын толық өтеген азаматтар.

Жалпы 113 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде «Еnbek.kz»  бойынша 26 адам, қала әкімінің квотасы бойынша 48 адам, жастар практикасымен 3 адам, ақылы қоғамдық жұмыспен 1 адам қамтылған. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жасалған қолдау негізінде қайтарымсыз грант иеленіп, өз кәсібін бастағандар да кездеседі.

– Олар бостандыққа шыққанда не істерін, қайда барарын білмей дал болады. Қалтасында бір тиыны жоқ адам шарасыздықтан қылмысқа бармасына кім кепіл? Оларды өмірге қайта бейімдеу – өте маңызды мәселе. Сондықтан барынша әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетеміз. Құжаттарын қалпына келтіріп, медициналық жәрдем алуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Жыл басынан орталыққа келіп, кәсіптерін ашу мақсатында 92 азамат тіркелді. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 38-і оқуын аяқтап, сертификат алды. Ал қысқа мерзімді курсқа 3 азамат жолдама алып, 1 азамат тігінші мамандығын оқып жатыр. Қалалық жұмыспен қамту орталығы бастамасымен 7 мәрте жәрмеңке өткізілді. Нәтижесінде азаматтар тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таба бермек, – дейді қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының заңгері Ғалымжан Оразбеков.

«Қызылорда автобус паркі» мекемесіне жазасын өтеп шыққан 3 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Жалақылары да жап-жақсы. Ең бастысы, тұрақты жұмыс орны бар. Солардың бірі – Құламерген Көптілеуов. Ол жұмысына көңілі толатынын жеткізді.

Қазір ұжыммен тығыз байланысып жұмыс жасауда. Жауапкершілігі жоғары еңбектің қыр-сырын толық меңгерген.

– Әрине, жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Екінші мәрте қателікке ұрынбай, аяққа тұрып, қоғамға пайдалы қызмет ету – мақсатым. Бізге осындай қолдау көрсеткен «Қызылорда автобус паркі» ұжымына және қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығына алғыс айтамын. Отбасы қамы үшін күні-түні еңбектенуден шаршамаймын, – дейді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<