Жазасын өтеп жатқан азаматтарға техникалық және кәсіптік білім беру – түзеу бағыттарының бірі ғана емес, сонымен қатар еңбекті тиімді ұйымдастыруға да ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, жазасын өтеушілер мекеменің өндірістік аймағында жұмыс істей алатын мамандық алады, сонымен бірге ол босап шыққан соң еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіппен қамтамасыз етіледі.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде де колледж филиалдары орналасқан. Аталған оқу орындарына 140-тан астам жазасын өтеуші қабылданды. Олар келесі мамандықтар бойынша білім алуда: шебер – құрылысшы, электргазбен дәнекерлеуші, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инженерлік объектілеріне қызмет көрсету шебері (тұрмыстағы сантехник), ағаш ұстасы, тігінші.
– Көріп отырғанымыздай, жоғарыда аталған мамандықтар еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Мекеме әкімшілігі, колледждердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері мамандығы жоқ жаза мерзімін өтеушілерді кәсіптік біліммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмыс жүргізеді. Оқуын аяқтап, емтихандарын тапсырған жазасын өтеушілерге мемлекеттік үлгідегі құжаттар тапсырылады. Білімі туралы құжаттар жазасын өтеушілердің жеке істерінде сақталады және оларға мекемеден босатылған кезде қолдарына беріледі, – деді еңбекті ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы Бағлан Қалиев.
Адина Ұзақбай
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<