Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемесінде бас бостандығынан айырылған 5 адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
Бұл мүмкіндік қақпа алдындағы кездесу әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асты. Босап шыққандардың көбі бөтеннің мүлкін жымқырып, темір торға тоғытылғандар. Сот үкімімен олар 6 және 8 жыл аралығында бас бостандығынан айырылған. Сотты болғандар еркін өмірге қадам басу үшін тағайындалған жазаның жарты бөлігін өтеп, үлгілі тәртібімен көзге түсіп, қоғамға бейімделу үшін барын салды. Бостандыққа шыққан бойда олар пробациялық бақылауға алынады.
– Мекеме әкімшілігіне қоғамға бейімдеу үшін жасаған шаралары мен тәрбие жұмыстары үшін өз алғысымды айтамын. Енді қателікке жол бермеуге уәде беремін, – деді босап шыққан азамат.
Мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынбек Тұрарбекұлының айтуынша, ҚК-нің 72-бабы мен 73-бабына сәйкес, жазаның жеңіл түріне ауыстыру және шартты түрде мерзімінен бұрын босату бойынша 5 сотталған мемлекетке келтірген шығынын өтеп, заңнамада көрсетілген жеңілдікке ие болған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<