Арнайы тергеп-тексеруге ауыр немесе адам өлімімен аяқталған жұмыстағы жазатайым оқиғалар, зардап шеккен адамдардың өндірістік жарақатының ауырлық дәрежесіне қарамастан, бір мезгілде екі және одан да көп жұмыскер ұшыраған топтық жазатайым оқиғалар, топтық улану оқиғалары жатады.
Аумақтық бөлімше өндірістік жарақат туралы қорытындыны алғаннан бастап жиырма төрт сағат ішінде төрағасы мемлекеттік еңбек инспекторы, мүшелері жұмыс беруші және жұмыскерлердің өкілі болып құрылған комиссия оқиғаны тергеп-тексерді.
Екі адам қайтыс болған топтық жазатайым оқиғаны тексеруді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік еңбек инспекторы басқаратын комиссия қолға алады. Үштен бес адамға дейін қайтыс болса еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган, ал бес адамнан көп қайтыс болса, Үкімет құратын комиссия іске кіреседі.
Қауіпті өндірістік объектідегі авария салдарынан техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде болған оқиғаны тергеп-тексеруде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің өкілі комиссия төрағасы болып тағайындалады. Бұл жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторы комиссия мүшесі болады.
Қауіпті өндірістік объектілерде, сондай-ақ электр энергетикасы саласы ұйымында болған оқиға кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жөніндегі инспектор, энергетикалық қадағалауды және бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам, улану жағдайында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган өкілдері, басқа аумақта жұмыс істеп өндірістік тапсырманы орындау кезінде жұмыскер жазатайым жағдайға ұшыраса, аумағында оқиға болған ұйымның жауапты өкілі комиссия құрамына кіреді.
Оның жұмысына жұмыс берушімен немесе зардап шеккен адаммен тиісті шарттық қатынасы бар сақтандыру ұйымының өкілі қатысуға құқылы. Сондай-ақ жұмыс беруші немесе оның уәкілеттік берілген өкілі, жұмыскердің өкілі, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруге шарт негізінде де тартылуы мүмкін еңбекті қорғау жөніндегі маман қатысады.
Сараптамалық қорытындыны талап ететін мәселелерді шешу үшін комиссия төрағасы ғылыми-зерттеу ұйымдарының және бақылау-қадағалау органдарының мамандары арасынан сараптамалық кіші комиссияларды жұмыс берушінің қаражаты есебінен құруға құқылы.
Д.БЕКТҰРСЫНОВ,
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыс бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімі мемлекеттік еңбек инспекторы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<