Жазғы демалыс жайлы болсын деп…

271

0

Жалпы аймақта 1-10 сынып аралығында 173859 оқушы бар. Олардың 98 пайызын жазғы тынығу және еңбекпен қамту жоспарланған. Жазғы демалысты ұйымдастыруға 2518 педагог, 38 белсенді студент пен 23 ерікті жұмылдырылған. Айталық, биыл мемлекеттік 7 лагерь мен орталықтар және «Зерентай» жеке лагері қызмет көрсетеді.

Бүгінде осы аталған  8 лагерьде 1922 бала демалуда. Бұдан бөлек, орта мектептер жанынан жасақталған күндізгі лагерьде балалар  демалыспен қамтылған. Жазғы тынығу кезінде оқушылар еңбек жасақтары, туристік серуен, үйірмелер, спорттық-зияткерлік сияқты сайыстарға қатыстырылады.

«Жазғы мезгілдегі балалардың қауіпсіздігі» тақырыбы бойынша өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бектұр Қали, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рауан Әлдешов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары Жасұлан Түйменов осы бағытта атқарылған жұмыстар жайын баяндады.

– Балалардың жазғы тынығуына лайықты жағдай жасау үшін білім басқармасы барлық сыртқы тынығу лагерьлеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ басқарма жанынан жұмысшы тобы құрылып,  лагерь қызметкерлеріне көшпелі семинар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Балаларды сауықтыру ұйымдарында балалардың қауіпсіз демалысын, тамақтануын, медициналық  көмек пен сауықтыру шараларын ұйымдастыру» тақырыбында өткен облыстық семинарда жауапты сала өкілдерімен бірлесе нақты іс-шаралар қабылданды.

Бүгінде облыстағы 8 сыртқы тынығу лагері мен орталықтар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен қорытынды актісін алған. Дегенмен лагерьлерде төтенше жағдайлар департаменті тарапынан өрт оқиғаларының алдын алып, суда жүзу қауіпсіздігін сақтауға байланысты профилактикалық іс-шаралар апта сайын тұрақты жүргізілуде. Осыған байланысты барлық мектеп директорлары мен тәрбие жөніндегі орынбасарларының қатысуымен оқушыларға тиісті ережелер түсіндірілді. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан  тамақтанудан уланудың алдын алу, санитариялық жағдайдың сақталуы бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Жалпы жазғы демалыс уақытында балалардың денсаулығын қадағалап, қажет кезінде шұғыл көмек көрсету үшін лагерьлер мен демалыс орталықтары медицина қызметкерлерімен қамтылған, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Баяндамада айтылғандай, 2023-2024 оқу жылында балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, олардың көшелерде қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен. Бұдан бөлек, көпшілік демалыс орындарында «Баланың жолдағы қауіпсіздігі – барлық құндылықтардан жоғары» атты бейнероликтер көрсетіліп, тұрғындарға жадынама, буклеттер таратылған. Сондай-ақ, білім беру мекемелеріне іргелес орналасқан аумақтардың қауіпсіздік талаптарына сай қажетті  инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша 346 жол белгісі орнатылып, жаяу жүргінші жолақтары сызылып,  «Абайлаңыз, балалар!» макеттері қойылған. Ал 2024-2025 жаңа оқу жылына дейін №№68, 73, 84, 91 мектептердің алдына бала қауіпсіздігін сақтауға байланысты түрлі жол белгілері болады.

Жылдағыдай, биыл да жазғы демалыс маусымында облыстық полиция департаменті білім басқармасымен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты іс-шаралар қабылдады.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рауан Әлдешовтің айтуынша, облыс аумағындағы 8 лагерьге қызмет етуге жіберілген 164 маман талапқа сай тексеруден өткізілген. Сонымен бірге, осыған дейін кәмелетке толмағандар ісі бойынша есепке алынған жасөспірімдерді жазғы демалыспен қамтамасыз ету жайына баса назар аударылды. Тынығу кезінде оқушылар арасында келеңсіздіктерді болдырмау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 8 лагерьге полиция қызметкерлері бөлінген. Сонымен қатар, қаладан тыс аудандарға және еліміздің өзге қалаларына экскурсиялар мен арнайы турларға автобуспен апару кезінде полиция қызметкерлері жетекшілік жасап жеткізіп салды.

– Жасыратыны жоқ, баланың немесе жасөспірімнің құқықбұзушылық бойынша есепке алынуы ата-ананың бақылаусыз қалдыруынан. Мысалы, түнгі сағат 23.00-ден кейін жасөспірімнің заңды өкілінсіз жүруіне байланысты әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осындай себеппен жыл басынан бері 3 мыңнан астам жасөспірім жауапкершілікке тартылған. Осы орайда айта кетуіміз керек, полиция органдары жазалаушы емес, мұның бәрі – баланың тарапынан немесе оның қатысуымен орын алатын жағдайлардың алдын алу үшін жасалып отырған жұмыстар. Бұған ата-ана да түсіністікпен қарап, баласының беймезгіл жүруіне жол бермеуі керек, – дейді ол.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Жасұлан Түйменовтің хабарламасында айтылған деректер бойынша жыл басынан бері облыс аумағында 10 адам суға кеткен, оның 8-і бала. Ал көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен 12 бала құлаған.

– Облыс көлемінде азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында өрттен, суға түсу маусымында судан, әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлап, ауыр жарақат алған немесе қайғылы жағдайға ұшыраған балаларға қатысты мәселе өте өзекті болып отыр. Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдердің қайғылы жағдайларға ұшырауы – біріншіден, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуынан және ата-аналардың бақылаусыз қалдыруынан. Сондықтан бала қауіпсіздігін әрбір ата-ананың барынша қадағалауы қажеттігін ескертеміз.

Осы орайда балаларға арналған қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету  барысында ата-ана жауапкершілігін арттыру, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін тиісті мекемелерге ұсыным хаттар жолданды. Білім басқармасымен бірлесіп, интерактивті сабақтар жүргізілді. Осы күні облыстағы су айдындарында тиісті сала мамандарымен және волонтерлермен бірге күнделікті түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар, жасөспірімдерге өрт қауіпсіздігін оқыту, суға түсу кезіндегі сақтықты  ескеруге байланысты жалпы білім беру ұйымдарында тұрақты насихат жұмыстары жүргізілген, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<