Облыс орталығында «Нұрсәт» теннис орталығының жанынан Жазғы теннис корты пайдалануға берілді. Бұл сәнді ғимарат ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Астана күні мерекесі қарсаңында көпшілікке үлкен тарту болып отыр.
Салтанатты шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, спортшылар қауымына игі лебізін білдірді.
– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен спорттың бұқаралық сипат алуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде өңірде сергектікті серік еткен тұрғындар саны артып келеді. Қазіргі таңда облыста бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 31,3 процентті құрайды. Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыруда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл облыста 5 спорт кешені ашылады. Атап айтқанда, бұл бағытта Арал ауданында Қамыстыбас және Аманөткел, Қазалы ауданында Пірімов, Жосалы және Жалағаш кенттерінде аталған ғимараттардың құрылысы жүргізіледі. Сонымен бірге, «Самұрық» корпоративтік қорының демеушілігімен Қызылорда қаласындағы Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады, – деді облыс басшысы.
Бұдан кейін спорт саласының құрметті ардагері Юрий Ким теннисшілерді жаңа корт ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, теннистен республикалық турнирлердің жеңімпазы Урсула Рахмет облыс басшылығына спорт саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы үшін алғыс білдірді.
Жаңа теннис корты жазғы маусымға арналған. Ғимараттың ені 45, ұзындығы 90 метр. 4 теннис корты орналасқан және басқа да спорттық ойын түрлеріне алаң қарастырылған. Оның ішінде бір мезетте 16 адам немесе 40 бала жаттығу жүргізеді. Нысанның құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, 2021 жылдың маусым айында аяқталды. Қазіргі таңда «Нұрсәт» теннис орталығында 120 спортшы мен 3 жаттықтырушы жұмыс жасайды.
Жыл басынан бері облыс спортшылары ел чемпионаттары мен кубоктарында 557 медаль еншілесе, Әлем және Азия чемпионаттарында 47 медальға қол жеткізді. Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына бокстан Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен Дәулет Ниязбеков және каратэ-додан Мөлдір Жаңбырбай жолдама алды. Сонымен қатар, Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасының туын ұстау құрметіне ие болды.
«СБ» ақпарат





