«Жебе» адырнаға алынды

541

0

Ақпарат айдынында үздіксіз қалам тербеп келетін журналистердің еңбегі қашанда елеулі. Сөз тізгінін ұстаған тілшілер қауымы еліміздің мәдени-рухани өміріне өлшеусіз үлес қосып келеді. Биылғы жылдың басты жаңалығы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды. Заңға «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Қанатты қалам – 2024» салтанатты шарасы «Өнер орталығында» өтті. Онда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәртебелі сала мамандары мен ардагерлерін құттықтады.

– Қазіргідей ақпарат тасқыны алапат дәуірде шынайы да нақты ақпарат тарату мақсатынан жаңылмаған билік пен бұқараның арасында алтын көпір болу миссиясын бұлжытпай орындап жүрген қаламгерлер мен сала мамандарын құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кеше ғана ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде: «Журналист – мәртебелі мамандық. Ол ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз» деп ерекше атап өтті. Өздеріңізге белгілі жақында Мемлекет басшысы «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заңда журналистер үшін қосымша құқықтар, кепілдіктер белгіленген журналистің ерекше мәртебесі деген ұғым енгізілді.  Журналист мәртебесінің ерекше қорғалуы, оның сенімділігіне, шығармашылық өркендеуіне ықпал етері сөзсіз, – деді облыс әкімі.

Бүгінде өңірдің медиа кеңістігінде 149 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасайды. Оның 13-і мемлекеттік, 135-і тәуелсіз, 120 газет, 26 интернет-сайт пен ақпараттық агенттік, 3 телеарна облыс, қала, аудан аумағына ақпарат таратуда.  Сыр журналистикасы өзінің ғасырлық белесіне жақындап қалды. Соның дәлелі – ең байырғы басылым «Сыр бойы» газетінің жарыққа шыққанына  95 жыл толуы. Қазақ журналистикасы мен әдебиетінің алыптары Жиенғали Тілепбергенов, Асқар Тоқмағанбетов, Зейнолла Жарқынбаев, Ұзақ Бағаев, Қалқабай Әбенов сынды ағалардың қолтаңбасы қалған «Сыр бойы» басылымы өткен жылы «Үркер» ұлттық сыйлығын алып, еліміздегі «Ең үздік басылым» номинациясын иеленген болатын. Шарада облыс әкімі ұжым қызметкерлерін мерейтоймен құттықтады.

–       Бүгінде ақпараттық сұраныс талғамының өзгергеніне қарамастан, «Сыр бойы» газеті 23 мыңға жуық тиражбен тарайды. Бұл – еліміздегі облыстық газеттер арасындағы ең озық көрсеткіш. Мұнан бөлек, биыл Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» басылымының 90 жылдығы, Шиелі аудандық «Өскен өңір», Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеттеріне 85 жыл, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарық көргеніне 30 жыл толуда, – деді.

Салтанатты шарада аймақ басшысы ақжолтай жаңалықпен бөлісіп, жыл соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған «Жебе» арнайы сыйлығы табысталатынын айтты. Бұл сыйлық үздік мақалалар мен сюжеттерге, ақпараттық материалдарға 7 номинация бойынша дәстүрлі түрде берілетін болады.  Әр номинацияға 1 миллион теңге жүлде тағайындалады.

Мерекеде аймақтың ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар БАҚ өкілі облыс әкімінің арнайы марапатына ие болып, құрмет төрінен көрінді. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева «Құрмет» орденімен, «Qyzylorda» телеарнасының бас инженері Бақытжан Шүкенов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Шарада «Сыр бойы» газетінің қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Аға тілші Әділжан Үмбет «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленсе, басылым дизайнері Гүлмира Өтешова облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар «Syrboyi.kz» ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы Шынар Бекбан «Жаңалық жаршысы» номинациясының иегері атанды.

Бірқатар БАҚ қызметкеріне облыс әкімінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары табысталды. Мұнан бөлек, үздіктерге түрлі номинация берілді. С.Бермағанбетов атында өткізілген спорттық жарыс жеңімпаздары да арнайы марапат алды.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<