Жедел кеңес өткізді

368

0

Кеше Үкімет басшысы Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты Мемлекет басшысының негізгі әскери және азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар министрліктер басшылығымен жедел кеңес өткізді. Бұл туралы ҚР Үкіметі хабарлады.

Премьер-министр Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың стратегиялық және инфрақұрылымдық объектілерді қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәліметтерін тыңдап, мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын күшейтуге бағытталған бірқатар міндеттер қойды. Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі, денсаулық сақтау объектілерінің қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды.

Сондай-ақ кеше ҚР СІМ Ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметін «ҚазАқпарат» хабарлады.

– Біздің Украинадағы Елшілігіміз штаттық режимде жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер министрлігінде әлемдегі жағдайға мониторинг жасайтын арнайы Ахуалдық орталық бар. Біздің мәліметімізге сәйкес Киевтегі шетелдік дипломатиялық корпус өз жұмысын жалғастыруда және азаматтарын эвакуациялап жатқан жоқ. Қазақстандықтардан да эвакуациялау бойынша өтініштер түскен жоқ және қазіргі уақытта арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ, – деді ол.

Айбек Смадияровтың айтуынша, Украинада соғыстың жалғасып жатқанына екі жылдан асты. Кетемін деген азаматтар елден шығып кеткен. Бірақ қазіргі есептеулер бойынша Украинада 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін.

– Нақты санын айту қиынға соғады. Оған қарамастан, бірнеше күн бұрын біз Украинадағы қазақстандықтарға ел аумағынан кету туралы хабарлама жасадық. Қазақ дипломаттары өз жұмысын тиянақты атқарып келеді, егер отандастарымыздан өтініш түскен жағдайда оларға барлық қажет көмекті көрсетеміз, – деді СІМ Ресми өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Украинадағы ахуалдың ушығуына байланысты еліміздегі тиісті құрылымдарға шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған еді. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеген болатын.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<