Жедел жаңалықтар

326

0

«Ауыл аманаты» – үлкен мүмкіндік

Облыста ауылдағы шағын және орта бизнесті дамыту бағытында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беруді көздейтін жобаның аймақта жүзеге асырылуына биыл 3 млрд теңге қаржы бөлінген.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 20 шілдеден жобаға құжат қабылдау басталған. Жобаны ауқымдау шеңберінде берілетін микрокредиттер сенім білдірілген өкіл – «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы ұсынылады. Бағдарлама 5 бағыт бойынша қаржыландырылады. Оның ішінде өңдеу, егін, кооперацияны дамыту, мал және басқа да бағыттағы бизнес жобалар. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайды.

Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар тізбесін және кеңес алу үшін жергілікті әкімдікке жүгінуге болады.

Сол жағалауға сән береді

Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы айналма жолдың ортасына кіші сәулеттік архитектуралық форма құрылысын орналастыру үшін конкурс жарияланады.

Конкурсқа қызылордалық жобалаушылар қатыса алады. Іріктеу барысында жобаның көркемдік, эстетикалық, идеялық деңгейіне мән берілмек. Қала әкімдігі жариялаған ережеге сәйкес, эскиздік жоба қала бейнесі, оның дәстүрлері мен ерекшелігін қалыптастыруда пішіні тақырыпқа, заманауи үлгіге сай болуы керек.

Айта кетсек, конкурс жаңа сәулеттік нысан арқылы көлік қозғалысының жайлылығын қамтамасыз ете отырып, қаланың сәулеттік келбетін арттыруды көздейді. Жобалар 10 тамызға дейін қабылданады. Үздік шыққан кіші сәулеттік нысандар Қызылорда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің әлеуметтік желілеріне жарияланады.

Достықта жоқ шекара

Корея бұғазындағы әскери-теңіз шайқасындағы жеңісті еске алу қорының төрағасы Чон Дон Хён бастаған делегация Сыр еліне келіп, «Достық үйінде» кездесу өтті.

Жиында «Қоғамдық келісім» КММ, «Қазақстан корейлер қауымдастығы» облыстық қоғамдық бірлестігі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен ынтымақтастық мәселелері талқыланып, ғылым, білім, мәдениет және тарих саласындағы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, делегация құрамында Оңтүстік Кореядан келген 40-қа жуық студент пен оқушылар өңірлік корей халқы батырлары Ге Бон У, Ом Джу-Пиль, Чхве Бон Соль ұрпақтары, корей этномәдени бірлестігінің өкілдері және жастармен кездесіп, Корея және Қызылорда арасындағы үлкен дәрежедегі достықты, жан-жақты байланысты сөз етті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<