Қазір жеке тұлғалардың аударымдарына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Иә, бүгінде тауар мен қызмет ақысын мобильді аударымдар арқылы алып, табыс көзін жасырып жүрген кәсіпкерлер бар. Осы орайда аударымдар қызметіне «Төлем жасау» функциясы қосылған.
Бұл жеке тұлғалардың аударымдарын кәсіпкерлік мақсатта жүзеге асыратын мобильді төлемдерден бөлуге арналған. Тұтынушы тауар үшін «төлем жасау» тетігін басып, есеп айырысады, яғни кәсіпкерге қызметі үшін қаржы аударылса, ол − «Төлем» деп аталады.
Бұл туралы қалалық баспасөз орталығында өткен конференцияда облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Гүлжамал Шортанбаева айтты.
Спикер бұл бастамалардың мақсаты цифрлық кеңістікте бизнесті дамытуға арналғанына тоқталды. Мұның барлығы қолма-қол есеп айырысуға көшу дегенді білдірмейді. Мемлекеттік кірістер органдарына деректерді беруге қатысты айтылып жүрген пікірлердің барлығы негізсіз. Қазір мобильдік төлемдер арқылы ақы төлеу үшін есеп айырысу кезінде онлайн бақылау касса машиналарын қолдану заңдастырылған. Мұндай өзгерістер жаңа салық түрі емес. Кез келген кәсіпкер салық режимін қандай негізде жүзеге асырса, салық есептерін дәл солай жүргізіп отырады.
− Екінші деңгейлі банктерден мәлімет алу кәсіпкерлік шоттарға түсетін төлемдер бойынша ғана жүргізілетін болады. Осы ретте жеке аударымдарға салық салынбайды. Кәсіпкерлік қызмет белгілері бар мобильді төлемдер бойынша деректермен алмасу 2025 жылдан бастап қолға алынады,− деді Г.Шортанбаева.
Осы ретте егер бір адамға күнтізбелік үш ай қатарынан 80-100 адамнан көп аударым түссе, кәсіпкерлікті жүзеге асыру қызметін пайдаланған болып есептеледі. Ал жеке тұлға мобильді аударымдар жасайтын болса, банктік құпияны сақтау талаптары бойынша ақпарат берілмейді.
Аталған мәселе төңірегінде әлеуметтік желіде қарама-қайшы пікірлер көп. Осының алдын алу үшін Қызылорда автобус паркі, «Халық», «Жұлдыз» такси компанияларына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар жеке тұлғалардың, адал салық төлеушілердің жеке аударымдарын қозғамайды. Тек салық мониторингін жүргізу кезінде тиімділікті арттыруға, ҚР заңнамасының нормаларын сақтауға және салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталады.
Брифинг барысында басқарма басшысы екінші деңгейлі банктер мен мемлекеттік органдар арасында жасалған мобильдік аударымдар туралы ақпарат алмасу қалай жүзеге асатынын түсіндірді.
Бұл мобильді қосымша кәсіпкерлерге салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетеді.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»





