Бүгінде салық төлеудің ешқандай қиындығы жоқ десе де болады. Бұрынғыдай ұзын-сонар кезекке тұрып әуре-сарсаңға түспейсіз. Бар болғаны қолыңыздағы ұялы телефоннан арнайы қосымшаға тіркелу арқылы жұмысыңыз оңай шешіледі. Сонымен қатар 2021 жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік және жер салығы жаңа формада – біріктірілген бюджеттік жіктеу коды арқылы төленіп, салықтың екі түрі үшін бір төлем жасалуда.
Саладағы қазіргі өзгерістер мен жалпыға бірдей декларацияның мерзімі және тұлғалардың мүлік салығына қатысты жұмыстардың басталуы туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшин және департаменттің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Гүлжамал Шортанбаева брифинг өткізді.
Биылғы 8 айда облыс бойынша жеке тұлғалардың мүлік салығынан бюджетке 124,5 млн теңге түскен. Жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанға дейін белгіленген. Дегенмен, 9 мыңнан астам тұрғын былтырдан бері жалпы сомасы 32 млн теңге салық төлемеген.
–1 қазанға дейін салық төлемеген тұлғалар банк қызметтерін ала алмайды, оның ішінде банк шоттар ашуға, аударымдар жасауға, несие рәсімдеуге шектеу қойылады. Сонымен қатар мерзімі өткен әрбір күн үшін ҚР Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Бұдан басқа, салық органдары мәжбүрлеп өндіріп алу мақсатында сот орындаушыларға салықтық бұйрықтарды жібереді, олар борышкерлерге қатысты шараларды, оның ішінде мүлік пен банк шоттарына тыйым салуды, сондай-ақ елден тыс жерлерге шығуды шектеуді қолданады. Бұл ретте, қарыз сомасының 25%-ын құрайтын сот шығындары ұсталатынын да ескерген жөн, – дейді Қ. Бекшин.
Көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудың бір тетігі – жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілуде. Мамандар декларация жүйесінің екі түріне тоқталды.
– 250.00 нысандағы жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация ұсынылатын болады, онда меншік құқығындағы мүлікті, соның ішінде пәтерлерді, машиналарды, банктердегі салымдарды көрсету қажет. Бұл бастапқы құжат болып есептеледі және мемлекеттік кіріс органдарының басты назарында болады. Екіншісі – «Жеке тұлғалардың табысы және мүлкі туралы декларация» деп аталады және ол жыл сайын тапсырылады. Онда бір жыл ішінде алған табысы, мемлекеттік тіркелуге тиісті, сатып алынған және сатқан мүлкі туралы мәлімет көрсетіледі, – дейді мамандар.
Жеке тұлғаларды ынталандыру мақсатында декларацияны ұсынудың 2 мерзімі көзделген. 15 шілдеге дейін қағаз күйінде, 15 қыркүйектен кешіктірмей электронды түрде тапсыру керек. Құқықтары және мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлік көрсетілуге жатады. Оның ішіне жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, тағы басқа мүліктер, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік кіреді. Авторлық құқық объектілері сияқты деректерді көрсетуі қажет.
Сондай-ақ, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация табыс етілген жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанында қолданылатын ең төмен есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшері шегінен аспайтын сомадағы қолма-қол ақша көрсетіледі. Бұдан басқа, қымбат тұратын мүлік, мысалы, бір бірлігі үшін бағасы (құны) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын ең төменгі есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын өнер туындылары және жеке тұлға қалауы бойынша осы мүлікті бағалау туралы есепте айқындалған құны болған кезде декларацияда көрсетуге құқылы. «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы» декларацияны Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес әкімшілік шара көзделеді. Бірінші рет ескерту түрінде, екінші рет бір жыл ішінде қайталанса 15 айлық көрсеткіш айыппұл салынатынын да қаперде ұстағаныңыз абзал.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
*сурет ашық дереккөзден алынды
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<