Жеке қабылдауда әлеуметтік мәселелер көтерілді

5

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке қабылдады. Бұл жолғы қабылдауға 20 адам жазылған, оның біреуі онлайн режимде қосылды.

Келушілердің басым бөлігі әлеуметтік бағытта қолдау сұрап, тұрғын үй, коммуналдық шаруа­шылық, көше асфальттау, жұмысқа орналастыруға қатысты мәселелер көтерді.

Аймақ басшысы баспана заң аясында, кезектілік тәртібімен берілетінін баса айтты.

Халық сұранысы ескеріліп, өңірде көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Тұрғындарды үймен уақытша қамту жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Бүгінгі қабылдауда төрт балалы жалғызбасты анаға осындай уақытша баспана ұсынылды.

Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының ақсақал­дары «Құмжарған» каналын қазу қолға алынғанына, жұмыстың жолға қойылғанына алғысын жеткізді. Канал егістік алқаптарын сумен қамтуға, ауыл шаруашылығын дамытуға оң ықпал етпек.

Қазалы ауданының тұрғыны өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға қатысты мәселе көтерді. Облыс әкімі еңбекпен қамту назардан тыс қалмайтынын, заң аясында қарастырылатынын жеткізді.

Негізі қабылдауда көтерілген мәселелер заң тәрті­бімен және кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Осы жолы да әрбір келушіні толғандырған түйткілге қатысты жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі