Жеке сот орындаушы туралы не білу керек?

1473

0

Бірінші кезекте жеке сот орындаушы кім бола алады деген сұраққа толған жөн-Жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және Республикалық палатаға кірген Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысы болып табылады.


Ал, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;

жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар;


Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының және 36-бабының негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылған, мұндай оқиғалар болғаннан кейiн үш жыл iшiнде;


Теріс себептермен мемлекеттік, әскери қызметтен, прокуратура органдарынан, өзге де құқық қорғау органдарынан, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарынан шығарылған адам шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде;


«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 11) және 11-1) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья лауазымынан босатылған адам босатылған күннен бастап бір жыл ішінде;


Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін бергенге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жазаланған;


Психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған;


Жеке сот орындаушысының лицензиясынан айырылған адам сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл ішінде жеке сот орындаушысы бола алмайды.

Тағылымдамадан өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдарында құрылатын, жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияларда аттестаттаудан өтеді.


Жеке сот орындаушысының лицензиясы- атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану жөніндегі қызметпен айналысу құқығына берілген рұқсат болып табылады және оны уәкілетті орган тағылымдама мен аттестаттаудан өткеннен кейін береді.

Егер белгілі бір азаматтарға өзін жеке сот орындаушымын деп таныстырып, қандай да бір берешекті өтеуді талап ететін болса, бірінші кезекте өзін борышкерлердің тізімінен тексерген жөн. Борышкерлердің біріңғай тізілімі жалпыға бірдей қолжетімді.


Бар болғаны, интернет желісінен «Борышкерлердің біріңғай тізілімі» (Единый реестр должников) деп жазып, өзіңіздің жеке сәйкестендіру нөміріңізді енгізу қажет. Нәтижесінде жеке сот орындаушы туралы, атқару құжаты туралы, төлем жүргізу деректемелері туралы ақпаратты көре аласыз.


Егер, аталған тізілімді енгізілген ЖСН-ге сәйкес мәлімет анықталмаса, онда Сізге қоңырау салған жеке сот орындаушы емес деп білу қажет.


Бұл жағдайда, алаяқтық дерегін тексеру үшін полиция басқармасына жүгінгеніңіз жөн.


Сонымен қатар, республикамызда қызмет көрсетіп жүрген жеке сот орындаушылардың тізімін http://zhso.kz/ ресми сайтынан алсаңыз болады. Онда олардың кеңселерінің мекен-жайлары, телефондары, электронды почталары көрсетілген.

2021 жылдан бастап, атқару құжатын жеке сот орындаушыға беру үшін оның кеңсесіне бару қажет емес.

Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы «Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін» жетілдіріп, енді үйден шықпай электронды қолтаңба арқылы кез келген жеке сот орындаушыға атқару құжатын орындау үшін жіберуге мүмкіншілік туды.


Немесе жеке сот орындаушының орындауында бар іс жүргізулер бойынша қажетті құжаттарды жолдап, өзіне қажет процессуалдық шешімдерді жүктеп алуға, сондай-ақ жеке сот орындаушыға қысқаша хабарлама (смс) жолдауға мүмкіншілігі бар.
Ол үшін интернет желісіне АИС ОИП деп жазып, тараптар кабинетіне өту қажет.

Кейін тіркеуден өтіп, әрі қарай қажеттілігіне қарай пайдалануға болады.

Б.Қызылбаев,

Қызылорда облысы

жеке сот орындаушысы