«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылар мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 118-бабының 1-тармағына сәйкес, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен жүргізіледі және он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шекті мөлшерін белгілей отырып, істердің санаты мен өндіріп алу сомасына қарай үштен жиырма бес пайызға дейінгі мөлшерде белгіленеді. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда жүргізіледі.
Жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы №437 қаулысымен бекітілген.
Қаулыға сәйкес, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде істің санатына байланысты төленетін жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы мынадай тәртіппен белгіленеді:
1) мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін мынадай сомалар бойынша:
60 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 25 пайызы мөлшерінде;
60 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 20 пайызы мөлшерінде;
300 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 15 пайызы мөлшерінде;
1 000 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 10 пайызы мөлшерінде;
5 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 8 пайызы мөлшерінде;
10 000 АЕК-тен 20 000 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 5 пайызы мөлшерінде;
20 000 АЕК-тен жоғары болса – өндіріп алу сомасының 3 пайызы мөлшерінде;
2) мүліктік емес (ақшалай емес) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін:
шығару және (немесе) үйге орналастыру, борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға және (немесе) оларды жасаудан тартынуға міндеттеу туралы атқарушылық құжаттар бойынша – жеке тұлғалардан 50 АЕК, заңды тұлғалардан 100 АЕК;
талап қоюды қамтамасыз ету, мүлікті тыйым салудан босату және өзге атқарушылық құжаттар бойынша – жеке тұлғалардан 10 АЕК, заңды тұлғалардан 20 АЕК;
баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы – жеке тұлғалардан ай сайын 20 АЕК мөлшерінде;
3) мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар үшін:
алименттерді өндіріп алу және жарақаттанудан немесе денсаулықты өзге де зақымдаудан келтірілген зиянды өтеу туралы, өндіріп алу сомасының 1 АЕК мөлшерінде тоқсан сайын.
Пайда болған берешекті өндіріп алу кезінде жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу осы жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерінің 1) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.
Өндіріп алу сомасы – атқарушылық құжатта көрсетілген ақшалай талаптың не өндіріп алушы мәжбүрлеп орындатуға ұсынған ақшалай талаптың бір бөлігінің мөлшері.
Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.
Баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алушы мен борышкерге тең үлестермен жүктеледі.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтініш жасаған тараптан өндіріп алынады. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеген және талап қоюдан бас тартылған тұлғадан өндіріп алынады. Талап қанағаттандырылған жағдайда жеке сот орындаушысының талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша қызметіне ақы төлеу өзіне қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылданған тұлғадан өндіріп алынады.
АЕК – «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен жыл сайын белгіленетін айлық есептік көрсеткіш.
Әділет департаментінің
атқарушылық өндірісті қамтамасыз
ету бөлімінің бас маманы
Д.Шарапатов
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<