Елбасының бес әлеуметтік бастамасының екіншісі – жалақысы төмен азаматтардың салықтық жүктемесін азайтуға бағытталғаны белгілі. «Жалақысы 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен төмен қызметкер үшін табыс салығының мөлшері 10 есеге азайтылатын болады. Және бұл тәртіп 2019 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енуі керек», – деген болатын Президент.
Осыған байланысты 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Салық кодексінің 341-бабы «Кірісті түзету» 49-тармақшамен толықтырылды. Жұмыскердің салық салынатын кірісі кіріс сомасының 90% мөлшерінде түзетуге жатады. Бұл тармақшаны қолдану айлық жалақысы 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен аспайтын қызметкерлердің кірістеріне қолданылады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі айлық есептік көрсеткіш 2525 теңге екенін ескерсек, аталған талап 63125 теңгеге дейінгі мөлшерде жалақы алатын тұлғаларға қатысты болмақ.
Енді жеке табыс салығының есептелуін қарастырайық: 63125 теңгеден міндетті зейнетақы жарнасы (6313 теңге) бір ең төменгі жалақы мөлшері (42500 теңге) шегеріледі. Шыққан сома (14312 теңге) 90% түзетуге жатады (14312-12881=1431 теңге). 10% жеке табыс салығы осы соңғы сомадан алынады, демек 143 теңгені құрайды. (осыған дейінгі қолданыста болған заңдылықта жеке табыс салығы 1431 теңге болған). Жеке тұлғаның бірнеше салық агентінде 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен аспайтын жалақысы болса, салық салынатын кірісі әр қайсысында 90% мөлшерінде түзетуге жатады.
Өз кезегінде мемлекеттік кірістер органдары салықтық құқық бұзушылықты болдырмау, алдын алу мақсатында заң шеңберінде салықтық бақылау жұмыстарын жүргізуге құзыретті. Бұл бағытта камералдық бақылау, яғни салық төлеуші немесе өз қызметкерлері үшін салық агенттері табыс еткен салық есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа құжаттар мен мәліметтерді зерделеу мен талдау жүргізіледі. Камералдық бақылаудың мақсаты – мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды салық төлеушіге дербес жоюға мүмкіндік беру.
Камералдық бақылау арқылы кейбір салық төлеушілердің салық есептілігін толтыру, тапсыруында кемшіліктер анықталады, атап айтқанда асығыс толтыру, немесе нольдік көрсеткішпен тапсыра салу, салық есептілігінің кейбір қосымшаларын толтырмау жағдайлары кездеседі.
Қателіктер тізбегінде жеке табыс салығы декларациясының (200.00 нысан) 200.01 қосымшасын толтырмау, сондай-ақ қосымша құн салығында (300.00 нысаны) айналымы бар, бірақ жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықты нөлдік көрсеткішпен тапсыру жиі кездеседі.
А.ЖҮНІСОВА,
облыс бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің
бас маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<