«Жеке жиһаз цехын ашқым келеді»

1176

0

«Қазір алма піс, ауызға түс» деп қол қусырып отыратын уақыт емес. Еңбектеніп, талаптансаң ғана мерейің үстем болады». Ұсталық кәсіпте шыңдалған Дархан Әбдіғаппардың пікірі осындай. Қазір ол қаладағы «Сыр жиһазы» серіктестігінде жиһаз өндірісінің дамуына септігін тигізіп жүр.

– Негізгі мамандығым – слесарь. Жиһаз жасауға қызығушылығым жоғары болғандықтан, осыдан 2 жыл бұрын осы іске кірісіп кеттім. Қазір серіктестікте кеңсеге және үйге қажетті жиһаздың түр-түрін дайындаймын. Тапсырыс көп, бос уақытымыз аз. Қандай да бір жиһазға тапсырыс алған соң оған қажетті құралдарды дайындаймыз, яғни ЛДСП, МДФ сияқты ағаш материалын, оның тұтқасы, топсасы, шеге сияқты ұсақ-түйектердің бәрін сапасына қарай таңдап аламыз. Жалпы үстел, шағын шкафтар мен үй бұйымдарының бағасы сапасына қарай бағаланады, – дейді Дархан.

Жиһаз кеңсеге келбет, үйге сән береді. Дархан дайындаған мына дүниелер соған дәлел. Әлеуметтік желідегі жарнаманың жүріп тұрған дәуірі болғандықтан, қызығушылық танытып, тапсырыс беруші тұрғындардың қатарының көптігі олардың жеке парақшаларынан байқалады.

– Болашақта өзімнің жеке жиһаз цехымды ашу да ойымда бар. Бұл ретте сапалы техника маңызды. Заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, халықтың сұранысын қанағаттандырсам деймін. Қазір кәсіпкер боламын деген кез келген адамға  мол мүмкіндік қарастырылған. Соның игілігін көрсем деген жоспар жоқ емес, – дейді кейіпкеріміз.

Мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз жер қойнауының құпиясын аша да, оның бар асылын пайдалана да білген. Тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын жасаған. Бұл кәсіп атадан балаға мұра болып, бізге де­йін үзілмей жалғасып келе жатқан ұсталық кәсіпті қалыптастырды. Дархан секілді осы істі жалғастырушы жастардың көптігі қуантады. Алдағы уақытта оның қолынан шыққан жиһаздардың әрбіріміздің үйімізден  табылар уақыты да алыс емес деген ойдамыз.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<