Жекеменшік жатақханалар саны артады

620

0

2018 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті бес әлеуметтік бастамасын жариялаған болатын, олардың бірістудент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған. Осы міндетке қол жеткізу үшін жекеменшік сектордың ауқымды қатысуын көздейтін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі әзірленді. Бүгін аймағымызға келген ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері аталған тақырып туралы жергілікті ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізді.

Онда ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин жекеменшік және студенттік жатақхана салу, білім беру депозиті, білім беру кредиті тақырыбында жан-жақты баяндады.

– Жеке кәсіпкерлерді мемлекеттің қаржылық қолдауымен студенттік жатақханалар құрылысына қаржы салуға шақырамыз. Бұл іске кезекті әлеуметтік объектіні тұрғызу ретінде емес, табысты, тұрақты және келешегі мол бизнес-жоба ретінде қарауды ұсынамын. Әрі осылай айтуға да негіз бар. Біріншіден, бұл мәселеге сұраныс жоғары. Бүгінгі таңда елімізде студенттер тұру үшін 63 мыңнан астам жатақхана қажет. Бұл мегаполистерден бастап облыс, қалаларға дейінгі еліміздің барлық өңірлерге тән қажеттілік. Болашақта Қазақстанды 2000-жылдарда болған «baby-boom»-ның нәтижесі күтіп тұр, сондықтан студенттер контингенті де өсетін болады. Әлбетте, бұл жағдай студенттік жатақханаларға деген сұраныстың артуына әсер етпей қоймасы анық. Инвестор, оқу орны не кәсіпкер тұлғасындағы жеке құрылыс салушы өз қаражаты есебінен объектіні іске қосуды жүзеге асырады. Объект сәтті пайдалануға берілген жағдайда мемлекет онда мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастырады. Бірінші, тапсырысты орналастырудың басты талабы студенттің жатақханада тұруы, яғни мұнда жан басына шаққандағы қаржыландыру принципі жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, құрылыс салу немесе реконструкция жасау жолымен жаңа жатақханаларды енгізуді жүзеге асыратын барлық ұйымдарда орналастырылады. Екінші, тапсырыс ай сайынғы негізде 8 жылға орналастырылады. Демалыс кезеңінде соңғы оқу айында тұрған студенттердің саны ескеріледі. Үшінші – төлемдер мөлшері. Бір студентке мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері: құрылыс салынған жағдайда – 122 АЕК (Алматы қаласында – 144 АЕК), реконструкция жасалған жағдайда – 47 АЕК (Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында – 92 АЕК). Бұл ретте алғашқы 12 айда мемлекеттік тапсырыс екіге тең болып келетін түзету коэффициенті ескеріле отырып төленеді. Мысалы, іс жүзінде 100 адам тұратын болса, төлемдер 200 адамға төленеді, бірақ жатақхананың жобалық қуатынан асырылмайды. Әйтсе де локдаунмен және індетпен байланысты бүгінгідей алмағайып кезеңде мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер студенттердің жатақханаларда тұруына қандай да бір мониторинг жүргізілместен, жатақхананың жобалық қуаты бойынша жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек. Мысал ретінде Шымкент қаласында іске асырылған жобаны алып қарауға болады. Бұл 350 орындық жатақхана құрылысының құны 650 миллион теңге болса, жоспарланған мемлекеттік тапсырыстың көлемі 862 миллион теңгені құрайды. Жалпы осы мақсаттар үшін республикалық бюджеттен 152 млрд теңге көзделген, – деді спикер. 

Іске асырылып жатқан жобалар аясында мемлекеттік тапсырысты орналастырумен қатар қосымша табыс көздері болады. Өйткені студенттердің ай сайынғы тұру ақысы мемлекеттік тапсырыстың құнына кірмейді. Оның мөлшерін жатақхана иесі реттейді және нақты өңірдегі тұрғын үй нарығының жағдайымен анықталады. Бүгінгі таңда нәтижелер бар, жоба аясында 30630 орындық 124 жатақхана пайдалануға берілген. Сондай-ақ алдын ала жасалған шарттар, жергілікті бюджет қаражатынан нысаналы құрылыс, меншікті қаражат және демеушілік қаражат есебінен биыл 11057 орындық 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері спикерлерге сауалдарын қойып, жауап алды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<