Фото: ашық дереккөз
Жетпіс бір жасында желдей ескен желаяқ ата. Қарағанды облысында 93 марафонға қатысып, Қазақстанның есімін әйгілі етіп жүрген қария тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Төлеутай Жаманбек жүлде үшін емес, жұмыр жердің картасында Қазақстан деген ел барын таныту мақсатында марафондарға қатысатынын айтады. Бұл бастамасына демеушілер де қолдау көрсететініне риза. Алайда, көп жағдайда қаржыны өз қалтасынан шығаратынын жасырмады.
Желаяқ қария жаттығудан еш қол үзген емес. Қыста шаңғы теуіп шынықса, жазда велосипед тебеді.
«Мені көбі жетпіске келген деп айтпайды. Шашым ағарғанына қарамастан, әрі кетсе 55 жаста шығарсыз деп жатады. Тіпті, автобуста жол жүру картамды тексереді, жеке куәлігімді сұрайды. Кейде ренжимін, зейнеткер емессіз дегенде. Адам өзін жас сезінуі үшін күтінуі керек, жақсы ұйықтап, жақсы тамақтанып, денешынықтырумен айналысқаны жөн», – дейді қария.
Төлеутай Жаманбек 2006 жылы Үндістанда өткен XIV Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанған. Халықаралық дәрежедегі «Мастер-Атлетик» атағы да бар. Жеңістің 65 жылдығына арналған супер-марафонда «Қарағанды-Мәскеу» арасындағы 3 700 шақырымды 18 күнде артта қалдырды. Жалпы саны 4 елдегі 125 қаланы басып өтіпті.
«Ол марафонда 14 адам жүгірдік. Күніне 250 шақырымнан жүгіріп отырдық. Таңғы алтыда тұрамыз, содан күн батқанша жүгіреміз. Неге
марафонды таңдадыңыз деп сұрағанда айтатыным, марафоншы тек өзіне қажымас қайрат жинап қана қоймай, халқына мақтаныш сыйлайды», – дейді спортшы.
Төлеутай Жаманбек Шет ауданының тумасы. Негізгі мамандығы – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Салауатты өмір салтын берік ұстанған кейіпкеріміз 25 жыл шахтада жұмыс істеген.
Марафоншы бүгінде Қарағанды қаласындағы ұзақ өмір сүру орталығына жиі келеді. Мұнда өзімен замандас белсенді қариялармен бірге түрлі үйірмелерге қатысады. Қазір теннис арқылы көру қабілетін қалыпқа келтіріп жүргенін айтады.
«Маған Кения, Марокко, Эфиопия елдерінің желаяқтары жігер сыйлайды. Кейде соларға ұқсағым келеді деп айтамын. Әйелім мен балаларым кейде: «Көршілерден ұят қой, қашанғы жүгіре бересің, қойсайшы?!» – деп айтады. Бірақ, ол үшін маған кісен салып қою керек шығар. Тыныш отыра алмаймын. Меніңше, адамның жанары жайнап тұрса, өмірі мәнді және ұзақ болады», – дейді зейнеткер.
Төлеутай Жаманбек орталықтағы би үйірмесіне де қатысады. Аптасына екі рет өткізілетін дәріске 40-тан астам зейнеткер жиналатынын айтады. Марафоншы қария – мұндағы жалғыз ер адам. Олар ретро әндерге де билеп, көңілді уақыт өткізеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<