Желілер арқылы жасалатын алаяқтық азаймай тұр

356

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазіргі таңда алаяқтықтың басым бөлігі – әлеуметтік желі арқылы еркін жасалуда. Десе де, бүгінде қала көлеміндегі қалыптасқан қылмыстық ахуал тұрақты деп бағалануда. Жалпы, жыл басынан бері алаяқтық қылмысы бойынша 83 іс өндірісте қаралып жатыр. Алайда, аталмыш қылмысқа қатысты көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 21,6 пайызға төмендеген. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында салаға жауаптылар интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын айтты.

– Қазіргі таңда интернет алаяқтықпен айналысушылар әр түрлі тәсілдерді пайдалану арқылы қаржы жымқырудың амалын жүзеге асырып отыр. Яғни, алаяқтар мемлекет тарапынан берілетін несиелерді әзірлеу, қайтарымсыз грант алу, жұмысқа орналастыру, жүргізуші куәлігін жеңіл жолмен алу сынды ұсыныстарды айтып, халықты құр уәдеге сендіреді. Осының кесірінен алаяқтардың арбауына алданып, сан соғып қалған азаматтар аз емес. Бұдан бөлек, «OLX», «Kolesa.kz» желілері арқылы жасалатын алаяқтық түрлері де көбеюде. Шын мәнінде, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа қатысу электронды портал арқылы жүзеге асады. Ал, электронды жүйе өзге адамның көмегін қажет етпейді. Осы ретте облыс тұрғындарына айтарымыз, осы тектес қылмысқа немесе күмәнді мән-жайларға тап болған жағдайда тиісті банк қызметкерлеріне немесе полиция қызметкерлеріне хабарласып, мән-жайды дереу түсіндірген абзал. Сондай-ақ, ұялы телефон арқылы банк атынан хабарласқан күмәнді азаматқа жеке мәліметтерді, банк есеп-шоттарын, жеке құжат номерін айтпау қажет, – деді Қызылорда қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ердәулет Жаукеев.

– Интернет алаяқтыққа қатысты қылмыстардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, алаяқтар өз әрекеттері арқылы халықтың сеніміне кіріп алады. Мысалы, тауарға байланысты өз есеп-шотына ақша аударуын талап етсе, кейбірі азаматтардың жақындарына қатысты жалған дерек айтып тығырыққа тіреуі мүмкін. Бұл ретте азаматтар дереу құзырлы органның қызметіне жүгінгені абзал. Сондай-ақ, алаяқтар өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып, жеке есеп-шотқа шабуыл жасалғаны туралы жалған сөздер айтады. Осылайша, халыққа онлайн несие рәсімдетіп, телефонға келген код арқылы басқа есепшотқа ақша аударып алады. Кейбір алаяқтар «AnyDeck» қосымшасын жүктеуді сұрап, қашықтықтан қалта телефонды басқарады. Яғни, олар банк қосымшаларынан онлайн несие рәсімдейді. Сондықтан, бөтен нөмірден қоңырау шалған жағдайда немесе қандай да бір адамға ақша аударар кезде сақ болуларыңызды сұраймын, – деді Қызылорда қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары Айдос Усманалиұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<