Желтоқсан – жанымның жарасы

573

0

Фото: автордан

 Уақыт неткен жүйрік, келмеске кеткен кеңестік жүйе отырғызған жетпіс жылдық алып бәйтеректің түп-тамырымен қопарылуына қозғау салып, жер-жаһанды жалт қаратқан Қазақ жеріндегі атақты 86-ның желтоқсанында дүние есігін ашқан сәбидің өзі үшінші мүшелге аяқ басып, отыз жетіге толыпты. Ал оң мен солын әлі толық ажыратып үлгермесе де ел мен жер қазақтың меншігі екенін, соңғы сөзді қазақ қана айтуы тиіс екенін анық білетін, сол сойқанда сап түзеген қазақтың намысты жастарына қазіргі қоғамның қарыздар екені даусыз.

Студент Оңдаш Жұмашұлы ол кезде бар болғаны жиырма бір жаста еді. Қазалының тумасы Қазақ ССР-нің астанасы ару қала Алматыда мемлекеттік медицина институтының 4-ші курсында оқып жатқан. 1986 жылдың тұла бойыңды тітіркентетін ызғарлы желі соғып тұрған желтоқсанның 17-сі күні таңертең институт активистері ерте келіп, кеше түнде қала орталығында жанжал басталғанын, оқу орнының басшылығы студенттердің қолдарына қызыл матадан таңғыш тағып, көтеріліс жасап жатқан жастармен байланысқа шығып, тәртіпке шақыру қажеттігін түсіндірді. Жағдайды әлі толық бағамдап үлгермеген студенттер орталық алаңға беттеп келе жатқанда, теміржол вокзалы жағынан үлкен көшемен қолдарында ұран жазылған плакаттары бар, сап түзеп шеруге шыққан мыңдаған адамды көріп абдырап қалды.

Бұларды бастап барған активистер шарасыздықтан өздерінің шағын тобын таратуға мәжбүр болды да, әдепкі жоспар жайына қалып, бәрі де шерушілерге қосылып кетті. Ауқымды топ Л.Брежнев атындағы орталық алаңға барған кезде ғана ортаға шығып қолдарын сермеп жұлқына сөйлеген жүректі, өжет замандастарының айтқандарынан Оңдаштың және курстас жігіттердің ұққаны бірыңғай қазақ ұлтынан ғана құралған шерушілердің басты талабы  – сол кезге дейін Қазақстанның басшысы болып келген Д.Қонаевтың орнынан алынып, басшылыққа Г.Колбиннің сайлануына қарсылық екенін түсінді және талаптың орынды екенін де жас та болса жан-тәндерімен ұғынды. Наразы топтың белсенділігі түске таяу бәсеңдеп жарым-жартылай тарқағанымен, түс ауа алаңға қайта жинала бастады. Ал кешке қарай алаң қайта толды. Үкімет үйінің алдына жиналған жұртты айнала мұздай қаруланған ОМОН, милиция қоршай шоғырланып, бұйрық күтіп тұрғандай сыңайы байқалады.

Алаңның Оңдаш пен бөлмелес курстастары Айдар, Ерлан, Ғабит тұрған тұсына тақау жерге үкімет ғимараты жақтан бір топ адаммен бірге әнші Р.Бағланова келіп жастарға шерудің бейбіт түрде өтуі қажеттігін айтып, насихат жүргізе бастады. Шерушілердің екі күннен бергі талаптары жауапсыз қалып шарасыз күйге түскен көпшіліктің наразылығы күшейіп, милициямен әр тұста жанжал шыға бастаған кезде арнайы дайындықпен бұйрық күтіп тұрған қарулы жасақ іске кірісіп, қазақтың қарусыз құр қол жастарын дубинкамен ұрып-соға бастады. Ашынған жастар батыл қарсылыққа көшкесін жазалау аяусыз сипат алды. Жауыздықтан алдарына жан салмайтын тәжірибелі жасақ жазалауға белсене кірісіп, өрімдей ұл-қыздардың қолдарын қайырып, шаштарынан сүйреп, дайын тұрған көлікке тиеп, әлдеқайда әкетіп, өрт сөндіретін машинамен қалың топқа су шашып, айналаны азан-қазан қылып нағыз сойқанды бастап кетті.

Көпшіліктің арасында жанын шүберекке түйген сақа жігіттер өршелене қарсыласып, жарақат алып жатса, бұрын-соңды мұндайды көрмеген қарусыз қалың көпшілік қарулы жасаққа тегеурінді қарсылық көрсете алмай сеңдей соғылысып жан-жаққа шегініп, қаша бастады. Оңдаш қасындағы екі жолдасымен бытыраған топтан бөлініп, ізіне түскен қуғыншылардан құтылып кетті. Ал бөлмелес курстасы Ерлан Балғожин милицияның қолына түсіп, «Целинный» кинотеатрының жанындағы Калинин аудандық милиция бөліміне сыймаған соң, Сейфуллин-Мәметова қиылысындағы СИ-1-ге қамалған. Ол жерде екі күн түнетіп, тергеп-тексеріп, ұрып-соғып үшінші күні қас қарая каталажкамен Абай көшесіндегі аялдамаға әкеліп тастапты. Алаңнан қашып шыққан, жырылып-сызылған жеңіл жарақаттары бар студенттер естерін жиып, ертесіне тағы баруға уәделесті.

Желтоқсанның 18-і күні түске дейін институтқа барып, түстен кейін көпшілікке еріп алаңға қайта жиналды. Бұл күні де кешегі оқиғалар қайталанды. Осы жерде Оңдаш қасында бір топ жолдастары бар зооветеринарлық институтында оқитын ауылдас ағасы Ідіріс Аяповты кездестіріп қалды. Кешегі оқиғадан бір жағы ашынып, бір жағы толқып тұрған қалың топ қосылып бір дауыспен «Елім-ай» әнін шырқады. Талаптары аяқасты болып тыңдалмай, үкімет үйі алдындағы қоршауды бұзып өте алмаған шерушілер амалы жоқтықтан қарусыз қолма-қол жанжалды қайта бастады. Осыдан кейін-ақ  дубинка, сапер күректері іске қосылып, арнайы жасақ пен милицияның кең көлемді жазалау операциясы күшіне мінді. Оңдаштың бөлмелес ағасы Айдар Қожабергенов жарақат алып, төрт тісі сынып жатақханаға ертесіне оралды. Алаңда болған арпалысты қайталап айта бергеннен ештеңе өзгере қоймас, ондағы жазым болған, рухани, моральдық күйзеліс алған қатысушылардың, әсіресе жастардың жан сезімін айтып жеткізу оңай емес.

Кейін белгілі болғандай, желтоқсаншыларды қуып тарату үшін Алматы мен облыстардан және Фрунзе, Ташкент, Челябинск, Новосибирск, Уфа, Свердловск, Тбилиси қалаларынан ішкі әскерлердің арнайы бөлімдері топтастырылған. «Метель-1986» деген шартты атаумен КСРО Ішкі істер министрінің №0385 бұйрығы негізінде әзірленген және елдің жоғарғы басшылығы мақұлдаған оперативтік жоспар бойынша жүзеге асырылған жазалау операциясына 50 мың әскери қызметші, 20 мың милиционер және 16 мың дружинник, яғни жасақшы қатысқан деген деректер келтіріледі.

Бейбіт шеруге шыққандарды күшпен басып-жанышқан сол кездегі отаршыл билік өздерінің шектен шыққанын ақтап алу мақсатында заңсыз шеруге шыққан «жастардың бұзақылық әрекеттеріне» саяси баға беріліп, көпшілік алдында жазалауды жаппай талап ете бастады. Сөйтіп, шындық үшін шырылдағандарды қудалау, жазалау кең көлемді қарқын алды. Митингіге қатысқандарды іздестіру, тергеу жұмыстары басталды. Жауапқа тартылғандардың көпшілігі ұсталғандар мен алыстан бейнекамераға түсіп қалғандар. Абырой болғанда Оңдаш бұл екі жайттан да аман болып шықты. Шеруге қатысып ұсталып, уақытша босатылғандарды КГБ қызметкерлері лекция үстінен аты-жөндерін атап тұрғызып, тергеуге алып кетіп жатты. Желтоқсанның аласапыран күндері бейнекамераға түсіп қалған Ерлан Өміртайұлы, Төлебай  Айнабеков, Болат Тастамбеков алдымен комсомолдан, содан соң институттан шығарылды. Бірақ олардың ешқандай қоғамдық тәртіпті бұзбағанын, тек өзі сияқты көпшіліктің талабына қолдау білдіріп, шерушілер қатарында ғана жүргенін Оңдаш анық білетін. Қазақтың біртуар ақыны Мұхтар Шахановтың араласуымен Ерлан досы институтқа қайта қабылданып, бүгінде медицина саласында абыроймен қызметін атқарып жүр.  Оңдаш өзімен бірге желтоқсанда шерушілер қатарында бірге жүрген және зардап шеккен курстасы, әрі бөлмелес ағасы Айдарды, курстастары Төлебайды, атыраулық досы Ерланды әлі күнге ұмытпай, хабарласып тұрады. Марқұм болып кеткен Болаттың отбасымен де байланыста.

– Желтоқсан оқиғасы шын мәнінде біздің ұлттық ұстанымымызды ұштай түсті, қазақ ұлтының қайсарлығын, бірлігін аңғартты, – дейді бүгінде денсаулық саласында абыройлы еңбек етіп жатқан желтоқсаншы Оңдаш Жұмашұлы өткен күндерді еске түсіріп. – Кеңес одағының қамытын сүйреткен бодан ұлттардың санасын серпілтіп, қазақ жастарының жігерін жаныды, тәуелсіздік таңының тезірек атуына тікелей себепші болды. Алайда, әлі күнге желтоқсаншылар мәртебесі анықталмай келеді, бізге бататыны осы.

 Оңдаш қазалылық желтоқсаншылары жайлы да біршама деректер келтірді. Солардың арасында қазалылықтарға Шапан есімімен көбірек белгілі Шарафадиннің де айтары барын тілге тиек етті.

– Әрине, желтоқсанды қазақ жастарының жадынан ешкім де ешқашан оңайлықпен өшіре алмасы анық, – дейді Шарафадин. – Өйткені, қазақ ұлтының, қазақ елінің тағдыры талқыға түскен сын сағатта сол кездегі билік бұғып қалғанда, алаңға шығып ақиқатын айтқан да, қаны төгіліп, жанын берген де қазақ жастары еді. Бұған қазалылық жастардың да, бүгінгі күні сыртта тұратыны бар, елдегісі бар, қосқан үлесі аз емес. Әрқайсысының атын атап, түсін түстеу мүмкін емес. Аудандағы «Желтоқсан – 1986» Қазалы қоғамдық бірлестігінің жергілікті жерде жиырма шақты мүшесі бар. Бір өкініштісі, желтоқсаншылардың мәртебесі билік тарапынан әлі күнге айқындалмай келеді. Семей, Чернобыль, Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебелері анықталып, мемлекет тарапынан көңіл бөліне бастады. Бұл өте орынды. Біз оларға құрметпен қараймыз. Бірақ сын сағатта қазақ ұлтының мәртебесін сақтап қалуға қанымен де, жанымен де үлесін қосқан, бүгінде ең жасының өзі алпысқа иек артқан желтоқсаншылардың жазығы не? Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағына ескерткіш-белгі орнатылса, жастардың рухын көтеру үшін көшелердің көрнекті жерлеріне жыл бойы бильбордтар ілініп тұрса, олар үшін де мәдени, спорттық, рухани іс-шаралар арнайы ұйымдастырылып тұрса, онсыз да қатары сиреп келе жатқан олардың әлеуметтік, денсаулық жағдайына тиісті деңгейде көңіл бөлінсе, «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» дейтін қазақ үшін лайықты құрмет деген осы емес пе?

Шындығына келгенде, желтоқсан қозғалысы  қоғамның саяси өмірін демократияландыруға тың серпін берген, бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған сол кездегі қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршілдік жүйесіне қарсы шыққан көзсіз ерлігі, қазақ халқының тарихында бұрын-соңды болмаған елеулі оқиға екені анық.

 Ендеше, ел үшін сынақты сәтте жандарын шүберекке түйіп, Кеңес одағы деген алып мемлекеттің ыдырауына жол ашып, тәуелсіздік таңының атуына себепші болған желтоқсаншылардың мәртебесі айқындалып, ақиқат айшықталса, мемлекеттің де мойнындағы аманат қарызы өтелгендей болар еді.

Әлімжан ҚИЯС,

«Қазалы» газеті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<