Жем-шөп жартылай дайын

1256

0

Қызылордада малдың қысқы қорегі жартылай дайын. Қажет делінген 769,9 мың тонна шөптің 392,5 мың тоннасы орылып, бауланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, жұмыс қарқынды түрде жалғасып жатыр.


– Арнайы жоспарға сәйкес барлық ауданның үлесі анық­талды. Штабтар құрылып, шабындықтар көлемі бел­гіленді. Ауылдарда 114 бригада құрылып, оған 170 техника, мыңнан астам адам жұмыл­дырылды. Бүгінгі күні өңірде жағдай толық қалыпқа келді, мал шығыны тіркелген жоқ, – дейді ол.


Сала жетекшісінің жағдай деп отыр­ғаны – құрғақшылық мә­селесі. Аралдық ағайынды 560-қа жуық түлігінен айырған табиғи құбылыс аудан шека­расы­нан асып, аймақ халқын да абыржытқаны рас. Үкімет тө­тенше жағдай жариялап, қол­дау көр­сетті. Жергілікті деңгейде шұ­ғыл көмек ұйымдастырылып, ол әлі жалғасуда.
Мал қорегін қымбаттатпау, шаруа­лардың одан шет қалмауы үшін тауар өндірушілер шығынын ішінара арзандату бағытын суб­сидиялауға республикалық бюд­жет резервінен 1,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні облыс әкімдігі қаулысының жобасы дайындалуда. Министрліктің келі­сімімен «Азық-түлік келісім­шарт» компаниясы арқылы 7,4 мың тонна жем солтүстік облыстардан жеңілдетілген баға­мен сатып алынады. Жергілікті тауар өндірушілерге 3,8 мың тонна жеңілдетілген дизель тиесілі.


– Облыс әкімінің резервінен 250 млн теңге бөлінді. Оның 49,5 млн-ы тасымал шығынын жабуға, 200,5 млн-ы суат, жайылым, ша­бын­дықтар мен Қамыстыбас, Ақ­шатау көлдері жүйелерін су­аруға бағытталып отыр. Кәсіп­керлер, фермерлер, түрлі қайы­рымдылық қорлары барлық жа­ғы­нан қолдау көрсетуде. Болат Өтемұратов қоры арқылы 213 млн теңге бөлінді. Ол аудандағы әлеу­меттік жағынан аз қамтылған 1322 отбасына 900 тонна жем-шөп алып беруге, жайылымдықтарды суландыратын жабдықтар, су тасы­малдау көлі­гін, су сорғыларын сатып алуға, гидротехникалық құры­лыс­тар­ды жөндеуге, ұңғыма салу­ға жұм­салмақ, – деді басқарма басшысы.


Мал шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қай кезде де қолдау бар. Соның бірі – «Аграрлық несие корпорациясы» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» жеңілдетілген несиелері Ол несие көлеміне қарай 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімде, 2 жылдық каникулымен беріледі. Ал ірі инвестициялық жобалар «Байқоңыр» корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылады.


Мамандардың пайымынша, мемлекет қолдауы мал басы мен шаруашылық өнімін өндіру көлемінде өсу динамикасының қалыптасуына мүмкіндік берді. Өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда биыл 7 айда сиыр – 7, қой мен ешкі – 5,6, жылқы 13,6, түйе басы 8,1 процентке көбейді. Ет – 3,5, сүт – 1,9, жұмыртқа өндірісі 20,2 процентке жоғарылады.


Назерке Саниязова,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<