Жемісті жобалар жүзеге асырылуда

1956

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында оқу орнының ректоры Бейбіткүл Кәрімова атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы есепті кездесу өткізді. Жиынға зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, серіктестер мен студенттер қатысты.

Университеттен білім алғысы келетін жастар көп. Себебі білім беру саласында рейтингі жоғары. Сапалы білім берумен қатар материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Халықаралық білім беру бәсекесінде беделі артқан. Университет QSWordUniversityRanking-2025 рейтингі бойынша әлемдегі 1400+ үздік университеттің қатарында. Азия елдері арасында QSAsiaRanking рейтингтік агенттігінің мәліметінше, биыл ТОП 541-560 қатарына кіріп, Орталық Азиядағы университеттер арасында 34-орынға шықты. Ал UI Green Metric World University Rankings-2023 рейтингінде 1015-ші орында. Алғаш рет Times Higher Education рейтингінде Global University Impact Rankings-2025 индикаторы бойынша нәтиже көрсетті. Оқу ордасы республикадағы ең үздік он университеттің қатарында.

– Жаңа форматта кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізудің нәтижесінде жыл сайын студенттер саны артуда. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алушылардың саны да еселенуде. Бүгінде университетте 10 512 студент білім алса, оның 4905-і – грант иегері. Биыл тұңғыш рет өзге өңірлерден келген 151 бала  1- курсқа қабылданды. Сондай-ақ Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден келген 46 шетелдік студент білім алуда, – деді ректор.

Оқу ордасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүйелі дамуда. Бағдарлама аясында 77 студент еліміздің, 138-і шетелдің жоғары оқу орындарына жіберілді. Білім алады, тәжірибе алмасады, 26 студент Президент стипендиясының иегері, 21-і жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының, 80-і республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 85 пайызды құрайды. Кадр даярлау 140 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Нақты айтар болсақ, «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетімен 6 бірлескен білім беру бағдарламасы әзірленді. Қос диплом бағдарламасы бойынша Мәскеу авиация институтының «Восход» филиалы және Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетімен бірлескен  2 білім беру бағдарламасы қарастырылуда. Президент тапсырмасы бойынша  Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект саласында мамандар даярлау үшін 3 университет таңдап алынды. Олар – Сәтбаев университеті, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті. Бұл да оқу ордасы үшін жемісті еңбек, жетістік.

– Корея Республикасы үкіметінің қаржыландыруы негізінде Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп «IT-кафедраларын қайта құрылымдау және жасанды интеллекттің жаңа мектебін құру» жобасы әзірленді. Жоба 7 жылға есептелініп, оқу үдерісіне жаңа технологияларды енгізу, жасанды интеллект және бизнес-инкубация мектебін құру, озық университет құру тәжірибесін беруді көздейді. Жоба аясында былтыр университетте Жасанды интеллект институты ашылды. Биыл SeoulTech компаниясымен қос дипломды «AI архитекторы», «Деректерді басқару» білім беру бағдарламасы бойынша кадрларды даярлау туралы келісімге қол қойылды. Бұл бағдарламалар келер жылы іске қосылмақ, – деді Б.Кәрімова.

Университет кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Профессор-оқытушылар құрамының штаттық саны 474 адам, оның 18-і ғылым докторы, 182-і ғылым кандидаты, 48-і PhD докторы. Оқу үдерісіне 58 практик-маман, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Шетелдік ғалымдарды тарту» бағдарламасы және университет қаражаты есебінен Ресей, АҚШ, Канада, Түркия сынды елдерден  22 ғалым мен оқытушы тартылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, гранттық қаржыландыру, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорындардың тапсырыстары, сондай-ақ халықаралық келісімдер бойынша түрлі жобалар аясында жүзеге асырылады.

Биыл ғылымнан түскен жалпы табыс та артқан. 2021 жылдан бері университет ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға арнайы грант бөліп келеді. Бүгінге дейін 33 жобаға 50 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілді.

Зерттеулердің нәтижелерін жариялау үшін университет 8 ғылыми журнал шығарады. Оқу орнында 21 жастар ұйымы мен 11 спорт секциясы жұмыс істейді. Жатақхана мәселесі оң шешімін тапқан. Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны дамытуды қаржыландыру жылдан жылға артуда. Заман талабына сай жаңа кабинет, зертханалар ашылды. Облыс әкімінің қолдауымен  және демеушілер есебінен ботаникалық бақты жаңғыртуға, жаңа жылыжай құрылысына, коворкинг орталығына қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды.

Жиын барысында университет ректоры жалақы,  цифрландыру, интернет жылдамдығының сапасын арттыру, оқу үдерісін автоматтандыру, электронды құжат айналымы қызметі сынды ауқымды істерге де кеңінен тоқталды. Сонымен қатар оқу орнының академиялық білім беру, ғылыми-зерттеу, халықаралық қатынас, әлеуметтік қызмет және цифрландыру бағыттары бойынша жұмыстары айтылды.

Алда атқарылар ауқымды істер жайы да талқыланды. Оқыту сапасын бақылайтын мониторингті күшейту, университеттің халықаралық аренадағы рейтингін ілгерілету, шетелдің жетекші университеттерімен қос дипломды, бірлескен білім беру бағдарламаларының санын көбейту көзделген. Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу жұмысынан түсетін табыс пен ғалымдардың өңірлік экономиканың дамуына қосқан үлесін арттыру, университет қызметін цифрландыру және автоматтандыру, инфрақұрылымды дамыту және материалдық-техникалық базаны жақсарту сынды жұмыстар жалғасын таба беретіні айтылды.

Кездесуде шетелдік қандастарға 19 білім гранты табысталды. Солардың бірі – Ардақ Сандуғаш. Ол «Қорқыт ата университетінде тегін білім алуға мүмкіндік алғаныма шын жүректен қуаныштымын. Шетелде жүрген қандастар үшін тарихи отанына келіп білім алу – үлкен арман. Менің тілегім орындалды. Өз ана тілімде оқып жатқанымды мақтан етемін. Ұстаздарыма алғыс айтамын» деді.

Жиында Түркияның Османғазы университетінің оқытушысы Метин Эрдоган, Оңтүстік Кореяның  Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің  профессоры, Қорқыт ата университетімен бірлескен халықаралық LUPIC жобасының жетекшісі Джесу Ким  және  К.Ушинский атындағы Ярославль мемлекеттік педагогикалық университетінің орталық директоры, ғалым Михаил Корсаков өз ойларын бөлісті.

Кездесу Халықаралық студенттер күніне арналған студенттік халық аспаптар оркестрінің концертіне ұласты.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<