ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖАҢА ЖОБА

296

0

Облыс орталығында «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық штабы ашылды.  Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова қатысты. Сондай-ақ, ол қаладағы бірқатар нысандарды аралап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстармен танысты.
«Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мақсаты жемқорлықтың деңгейін тө­мен­детіп, мемлекеттік билік құрылымына деген азамат­тар­дың сенімін арттыру. Елбасы Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында Астананың осы бағыттағы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін өзге де аймақтарға тарату керектігін тапсырған болатын. Осыған орай, жобалық кеңсе агенттік бастамасы негізінде облыс әкімдігінің қолдауымен ашылды. Бүгінде республиканың 7 аймағында «адалдық алаңдары» жұмыс жүргізуде. Таныстырылым барысында жобалық кеңсе жетекшісі Серік Шотаев алдағы уақытта жемқорлықтың алдын алу мақсатында білім, денсаулық сақтау, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, халықты әлеуметтік қорғау, мемлекеттік кірістер, сот және құқық қорғау органдары қызметтеріне талдау жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Аймақта сыбайлас жемқор­лыққа қарсы бағытталған шаралар туралы облыс активімен кездесу барысында кеңінен айтылды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қоғамдық ой-сананы қайта қалыптастыру мемлекеттік билік институтына деген ел сенімін нығайтатынын атап өтті.
– Ел тәуелсіздік алып, дамудың даңғыл жолына түскен сәтте Елбасы алдымызға төрт міндет қойды. Бірінші, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалау, екінші, әлеуметтік бағдарланған қоғам құру, үшінші, нарықтық экономиканы қалыптастыру, төртінші, қоғамдық ой-сананы қайта жаңғырту. Елдегі барлық жұмыстар осы төрт міндеттің аясында атқарылады. Міне, осы шарттың бірі – қоғамдық ой-санаға қозғау салу. Аймақта осы мақсатта жобалық кеңсе жұмысын бастаса, алдағы уақытта барлық қызметкерлер елордада арнайы оқу дайындықтарынан өткізіледі, – деді Руслан Рүстемұлы.
Кездесуде Айгүл Шайымова мемлекеттік органдардың халық үшін жабық болуы мемлекеттік қызметтің имиджіне кері әсер ететінін айтып, «Астана адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында іске асқан жобаларға тоқталды. Айтуынша, білім саласы бойынша мектептерде ақша жинау тоқтатылып, қоғамдық тамақтану ұйымдарындағы мәселелер шешілген. Көші-қон қызметкерлері «резеңке» пәтерлердің тәжірибесін тоқтату, яғни бір бөлмелі пәтерде оннан аса адамның тіркеуде тұруын болдырмау мақсатында жұмыс жүргізген. Сондай-ақ, салық төлеуде ашықтық болу үшін, автокөлік иелеріне қарыздар мен өсімдер туралы хабарлама жіберу жүйесі қалыптасқан.
Ал облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын түсіндіру бағытында биылғы жылдың он бір айында облыста 4500-ден астам шара өткізілгенін жеткізді. Бұл өткен жылдың  осы кезеңінде ұйымдастырылған шаралардан үш есеге артық.
Мұнан кейін Айгүл Шайымова Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында өткен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы облыстық штабының ашылу рәсіміне қатысты. Бұл – республикада алғаш рет ашылған ерікті мектеп клубтарының облыстық штабы. 2016 жылдан бері «Адал ұрпақ» клубы аймақтағы 293 мектепте құрылып, бүгінде мүшелікке қабылданған  оқушылар саны 16 мыңнан асқан.
– Осы кезге дейін ұйым­дас­тырылған жұмыстардың 500-ге жуық материалдық қоры осы штабта жинақталған. Штабтың құрылуы ерікті клубтардың қызметін үйлестіруге септігін тигізеді, – деді облыстық штаб жетекшісі Әлия Қырғызбайқызы.
Сапар барысында агенттік төрағасының орынбасары Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада орналасқан ІТ парк және Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің жанын­дағы Мемлекеттік басқару ака­демиясының облыстық филиа­лының жаңа ғимаратында болып, жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ, Қызылорда медициналық жоғары кол­леджінде орналасқан студенттерге қызмет көрсету орталығын аралап, студенттермен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Сапар «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ-де жалғасты. Бүгінде орталықта банкке дейінгі және кейінгі құжаттарды жинап, ұйымдастыру, карта көмегімен жер учаскесін нақтылау, эскиздік жоба жасау сынды 50 қызмет түрі көрсетіледі. Шағын сауда орындары секілді кәсіпкерлік нысандарының тегін эскиздік жобасын жасау, мемлекеттік бағдарламаға қатысу жөнінде ақпарат беру, жоба дайындауға атсалысу жас кәсіпкерлерге үлкен көмек әрі сыбайлас жем­қор­лықтың алдын алатыны белгілі.
Мұнан кейін агенттік төр­ағасының орынбасары сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығында болып, «Орда» бағдарламасының презентациясымен танысып, сапарды қорытындылады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<