Жемқорлық тұрақты дамуға кедергі

488

0

Бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі-сыбайлас жемқорлықпен қарсы күресу. Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр.

Тәуелсіз еліміздің экономикасының дамуына кедергі келтіретін,  қоғам дертіне айналған мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық.Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны айқын.

Сыбайлас жемқорлық ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті  тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп бойымызды аулақ салмай, бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды іс. 

  «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы еліміздің барлық жеке және заңды тұлғаларына қатысты қолданылады. Заң демократиялық негіздерді, мемлекетті басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенімін нығайтуға, білікті мамандарды мемлекеттік қызметке кіруге ынталандыруға, мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшін жағдайлар жасауға бағытталған.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заңбұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға да тартылады. Оларға біздің қоғамда да, арамызда да орын жоқ  екенін түсінгені абзал.

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылыққа жол бергені үшін қызметтен қуылған адамдарға мемлекеттік органдар мен ұйымдарда кез келген лауазымда болуға өмір бойы тыйым салынған.

Сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылық дерегі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске  жәрдемдескен адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылатынын және құқық қорғау органдарының немесе соттың сұратуы бойынша заңда белгіленген тәртіппен  ғана табыс етілетінін әрбір адам білуі қажет. Сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылық орын алған жағдайды хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдескен адам мемлекеттің қорғауында болады.   

 Сонымен қатар Елбасы халыққа арнаған сөздерінде жемқорлық індетінің тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайтынын жиі айтып келеді.

Сондықтан, мемлекеттің барлық органдары мен лауазымды адамдары өз құзіретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуі тиіс.

Әлішер ШАМКЕНОВ,    

облыс бойынша экология департаментінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<