Жеңілдетілген автонесиемен жаңа көлік тізгіндесем деген көпшіліктің тілеуі орындалатын сәт туды. Төрт пайыздық бағдарламамен көлік алуға дәмелі адам көп. Оны автосалондағы ұзын-сонар кезекте тұрған көпшіліктен байқауға болады. Сонымен кеше елімізде жеңілдетілген автонесие беру басталды.
Отандық автомобильдерді халыққа қолжетімді ету үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдікпен несие беру бағдарламасын енгізген. Президенттің тапсырмасы бойынша несие бағдарламасын қаржыландыруға 100 млрд теңге бөлінді.
Жеңілдетілген автонесиенің сыйақы мөлшері – 4 процент, қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды. Несие көлемі 10 млн теңге болады, яғни Қазақстанда шығарылған көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна көзделмеген. Дегенмен, автокөліктің құны 10 млн теңгеден асатын болса, несиеге өтініш білдіруші азамат жетіспейтін ақшаны өз қаражаты есебінен толтырады.
Қазір осы бағдарламаға қатысатын 4 банк таңдап алынған. Олар: «Халық банк», «Банк ЦентрКредит», «Форте банк» және «Еуразиялық банк». «Бұлардың қатары әлі де кеңеюі мүмкін. Қазір өнеркәсіпті дамыту қоры басқа банктердің де өтініштерін қарастырып жатыр. Ол өтініштер мақұлданса, өтініш қабылдайтын банктер саны көбейеді. Бұл бағдарламаның ерекшелігі бар. Бір азамат мұндай несиені 2 жылда бір-ақ рет ала алады.
Жеңілдетілген автонесиені рәсімдеу үшін Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Клиенттің жасы 21-ден асуы қажет. Тұрақты айлық табысы ресми дәлелденуі міндетті. Әрбір екінші деңгейлі банк өз клиентін жеке қарайтынын білген дұрыс. Оның ішінде тұтынушының несие тарихы, табыс көзі және тағы да басқа шарттар міндетті түрде қаралады.
Бір қарағанда, бөлінген 100 миллиард ғажайып сома болып көрінуі мүмкін. Сарапшылардың айтуы бойынша, шындығында, бір қазақстандыққа орта есеппен 10 миллион теңге бөлінетінін ескерсек, бұл бағдарлама 10 мыңға жуық көлікке ғана жетеді. Ал, Қазақстандағы көліктерге деген сұранысқа келсек, былтыр нарықта 120 мың жаңа көлік, оған қоса 600 мыңдай ескі көлік сатылған. Осы 10 мың көлік қазақстандықтардың көлікке деген нақты сұранысын қанағаттандыра ала ма?
Айта кетейік, бүгінгі таңда осы бағдарламамен сатып алу үшін елімізде құрастырылған: Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдер қолжетімді.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<