Кеше қала әкімі Асылбек Шәменов «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңінде жеңімпаз атанған отбасыларды марапаттады.
Ұлттық құндылықтар мен шаңырақтың береке-бірлігін насихаттайтын шарада қала әкімі А.Шәменов: «Біз – ата-анасын ардақтап, қариясын құрметтей білетін, отбасын Отанның тірегіне санайтын елдің ұрпағымыз. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде белсенділік танытқан әр отбасыға шынайы алғысымды айтамын. Баршаңызды құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін!» – деді.
Биыл ұлттық конкурсқа 15 отбасы үміткер ретінде құжат тапсырып, олардың ішінен арнайы құрылған комиссияның шешімімен 5 отбасы іріктеліп алынды. Нәтижесінде 3 отбасы жүлделі орынды иемденіп, 2 отбасы арнайы номинация иегері атанды. Тасбөгет кентінен Ермановтар отбасы І дәрежелі дипломмен марапатталды. ІІ дәрежелі диплом Қызылорда қаласының тұрғындары Таңрақбаевтар отбасына табысталса, ІІІ дәрежелі дипломды Жақыповтар отбасы иеленді.
«Еңбекқор отбасы» номинациясымен тасбөгеттік Бөлегеновтер, ал «Өнегелі әулет» номинациясымен Айнакөл ауылынан Смағұловтар отбасы марапатталды.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы қыркүйек айында «Отбасы күніне» орай қорытындыланады.





