Ұлы Жеңіс мерекесінің 77 жылдығына арналған мерекелік шара «Тағзым» алаңында өтті. Шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған ел ағалары, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысып,соғыста қаза болғандарға арнап «Тағзым» алаңының алдына салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды.
Жиналғандар майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, әруақтардың рухына құран бағышталды. Мерекелік жиында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жұртшылықты өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың мерекесі, Ұлы Жеңіс күні – бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухына тағзым ететін қастерлі күн, Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен құттықтады.
– Сырдария ауданынан Ұлы Отан соғысына 7399 азамат аттанып, олардың 4345-і туған жерге оралмады. Олар Отан үшін шейіт болды. Ал бүгінде соғыс және еңбек ардагері, ғасыр жасаған батагөй қариямыз Яхия Тасыров арамызда жүр. Қарт майдангерге құрмет көрсетіп, ардақ тұту, оларды қамқорлыққа алу перзенттік парызымыз– деді аудан басшысы.
Шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып,өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<