Жер әлемге шуағыңды шаш, Наурыз!

822

0

Жер әлемге нұрын шашып тағы бір көктем келді, Наурыз келді! Қазақ ежелден Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында «қараңғының  жарыққа,  ызғардың  жылыға,  қараның  аққа, сордың  баққа, кесiрдiң киеге, жоқтың барға ауысатын кезі келді» деп қуанған.

Наурыз – діни мереке емес, қыстан аман шыққанына,  аяқ-басы кеңігеніне, тіршілігіне жаңа бояу қосылғанына қуанған халықтың үрдісі.  Қауышқан жандардың бір-біріне игі тілектерін арнайтын, өткенге салауат айтатын, ертеңге үміт жалғайтын кезі.

Әлемді тарының қауызына сыйғызған коронавирус кеселі екі жыл бұрын дәл Наурыз қарсаңында пандемия деп жарияланып, мереке бұрынғыдай сән-салтанатпен тойланбай қалды. Былтыр да эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығынан көптеген іс-шараларды онлайн өткізуге тура келді. Биыл Ұлыстың Ұлы күні жақындағанда індеттің беті қайтқаны туралы жақсы хабар тарап, ұлық мереке бүкілхалықтық сипатын қайта тапты. Баяғы мамыражай қалыппен Абай айтқандай «ойдағы ел қырдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» тойлайтын күннің туғанына үлкендер шүкірлік айтып, жастар жағы қызу дайындыққа кірісті. 

Мерекеге санаулы күндер қалғанда Президент халыққа Жолдауын арнап, оның мән-маңызы  айрықша, арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейтінін, ауқымы кең, мазмұны да  бөлек екеніне тоқталды. Тарихи әділдікті қалпына келтіріп, Семей аймағында Абай облысын құрып, ұлылар дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртты. Алаш арыстарының басын қосқан Семейдің мәртебесін асқақтатты.  Оған қоса бұрынғы Жезқазған облысының аумағында  Ұлытау облысын құрып, бұл  аймақта дербес облыстың болуы экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім екенін айтты. «Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың  төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз» деп атап өтті.

Алматы облысының  екіге бөлініп, Жетісу және Алматы облыстары болып аталуын жұртшылық тек әкімшілік-аумақтық өзгеріс ретінде ғана қабылдап жатқан жоқ. Жаңа облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында терең мән бар. Президент ұланғайыр жеріміздің байырғы атаулары, ұлы тұлғаларымыздың есімі ұрпақ санасында жаңғыра беретінін айтты. Алматы облысының жаңа орталығы болған Қапшағай қаласына  халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруге бүкіл ел қолдау білдіруде.

Қазақша жыл санау бойынша Барыс жылы есігімізден еніп, төрімізге озды. Өткен ғасырдағы қазақ тарихындағы Барыс жылдарының жылнамасына көз жүгіртсек, небір алмағайып кезеңдер өтіпті, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986 жылдар желісіндегі оқиғалардың қай-қайсысы да ізсіз кетпепті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі 1998 және 2010 Барыс жылдары да – елеулі кезең.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқанын мәлімдеп, 2010 жылдың 10 мамырынан бастап  21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп белгіледі. Ал UNESCO 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

Пандемиядан бұрын Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасын жасау туралы талқылаулар көп болды. Орталық алаңға киіз үй тігіп, дастархан жаю мерекені тойлаудың басты мақсаты еместігін этнографтар да, режиссерлер да айтты. Наурыз – Жаратқанның бұйрығымен жаңа құтқа кенелу сәті болғандықтан, әр қазақ үшін мерекелердің мерекесі. Жалпыхалықтық болғандықтан оны жұрттың бәріне бірдей, тіпті, ұлты мен тегіне қарамастан жатырқамай, қабылдайтындай етіп өткізу ұсынылды. Осындай ой-пікірлерден түйгеніміз – Наурыз жылдан- жылға адамды рухани жағынан байытатын, басын біріктіретін мереке екені.   

Бірлік пен еңбектің мерекесі құтты болсын! Табиғат-ананың түрленген шағындағы, тіршілік бастауындағы той тағылымға толы болғай!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»