Экология, қоршаған ортаны қорғау туралы көп айтамыз. Дегенмен, бұл тақырыпты сөз етудің өзі терең білімді қажет етеді. Облыстық экология департаментінің зертханалы-талдамалы бақылау бөліміне барып, бұған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Айталық, өндіріс орындарынан зиянды қалдықтар бөлінеді. Оның қоршаған ортаға залалы қандай екенін эколог мамандар ғана шамалай алады.
Бөлімдегі акредиттелген лаборатория ластандырғыш заттарға сараптама жасайды. Өндіріс орындарына барып, санитарлық қорғау аймағынан топырақтың, судың сынамасын алады. Бір сөзбен, су көздерінен, топырақтың ластануы, атмосфералық ауа, өндірістік шығарындылар, радиациялық қауіпсіздік, автокөліктен шығатын газдардың шығарындыларына талдау жүргізілетінін бөлім басшысы Венера Мұстаяпова атап өтті.
– Өндіріс орындарының шығарынды көздеріне мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы беріледі. Зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы, бекітілген нормалары болады. Шығарынды көздерден алынған нәтижені арнайы әдістемеге сәйкес талдаймыз. Ластағыш заттардың нормативтен асқаны анықталса, сынақ хаттамасы толтырылып, мемлекеттік экологиялық бақылау бөліміне жолданады. Әрі қарай заңнамаға сәйкес шара қолданылады, – дейді ол.
Бөлім жұмысы – жер анаға жанашырлық. 2019 жылы облыс әкімдігі Экология департаментіне 10 құрал-жабдық жиынтығы бар жылжымалы экологиялық зертхана берді. DR-3900 HACH, ПЭ-5400УФ спектрофотометрлері, МЭС-200А метеометрі, OPTIMA, «Полар ExT», Автотест-01, ГАНГ-4 газоанализаторлары, АНИОН-7051 портативті кондуктометрі, ДКС-96 дозиметры-радиометр, МЕТА-01МП 0.2 Т бұл құрылғылар зертханалық бақылау жүргізуге жаңа серпін берді.
– Зертхана аккредитация аумағын ауа бойынша күкіртсутегі және көміртек оксиді, топырақ бойынша ауыр металдар – ванадий, стронцийге жаңа құрал-жабдықтарға сәйкес кеңейтті, – дейді В.Мұстаяпова.
Бұрын зертхана мамандары сараптама нәтижесін алу үшін көп уақыт жұмсайтын. Бүгінде жағдай мүлде басқаша. Мысалы, су көздерінен алынған сынаманың химиялық құрамы жаңа құрылғымен 10-15 минутта анықталады. Ал, ауаның ластану көрсеткішін анықтайтын құрал-жабдықтар зиянды заттардың шығарындыларын бақылау бір уақытта 7 түрлі газға дейін өлшейді. Сонымен қатар, экологиялық мониторинг үшін де өте қолайлы.
Сынамалар қорытындысын электронды термапринтерде жедел шығарып береді.
– Облыстағы әрбір өндіріс орны қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау субъектісіне, объектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау тізіміне сәйкес тексеріліп тұрады. Мысалы, биыл 509 үлгі алынып, 972 анықтау жүргіздік. Нормативтен асудың 21 дерегін анықтадық. Сонымен қатар, биыл бірінші тоқсанда 176 табиғат пайдаланушыдан өндірістік экологиялық бақылау есебі қабылданды. Бұл жұмыс жалғаса береді. Қоршаған ортаны қорғау – ең маңызды мәселенің бірі. Өңірімізде де қоршаған ортаның ластанбауы, бүлінбеуі заң жүзінде қорғалады. Сондықтан әрбір азамат, әрбір мекеме, өндіріс ошақтары табиғатқа зиян келтірмеуге, оны қорғауға міндетті, – дейді маман.
Облыста осы бағытта көптеген іргелі бағдарламалар арқылы табиғаттың үйлесімді түрде дамуына көп көңіл бөлінген. Бұл орайда мемлекеттік және қоғамдық іс шаралар жүйесі бар. Биыл аймақтың экологиялық мәселелерін кешенді шешудің жол картасы бекітілді. Жол картасы бірнеше бағыттан тұрады. Бүгінде зертхана мамандары полиция департаментімен бірлесіп, қала төңірегіндегі автокөліктердің экологиялық нормаларға сәйкестігін анықтау үшін рейд жүргізуде. Әсіресе, дизельмен жүретін ескі жүк көліктерінен зиянды газ көп бөлінеді.
– Автокөліктерден ауаға бөлінетін ластағыш заттардың нормалары белгіленген, осы белгіленген нормадан асу деректері өлшеу жұмыстары барысында негізінен ескі көліктерде жиі кездеседі, яғни, ол автокөліктің техникалық жарамдылығына байланысты. Полицейлер көлік иесіне қозғалтқышты жөндеп, сапалы жанармай құю жөнінде біржолғы ескерту жасайды. Ал егер экологтардың нұсқаулығына құлақ аспаса, келесі жолы айыппұл арқалатып жібереді, – дейді бөлім басшысы.
Осындай рейд кезінде бір күнде 38 автокөлік тексеріліп, оның ішінде 5 автокөлік нормативке сәйкес еместігі анықталған. ҚР 1433-2017 Ұлттық стандарты бар. Осы стандарт талаптарына сәйкес бензин, газ және дизельмен жүретін автокөліктердің санатына байланысты нормалары белгіленген. Бензинмен жүретін көліктердің көміртек тотығының нормасы 0,2-3,5% көлемдік үлесі көрсетілген, ал дизель қозғалтқыштарымен жабдықталған көлік құралдары үшін түтіннің нормалары 1,5-3,0 коэффициент аралығында.
– Бөлімнің жоспар кестесіне сәйкес қала аумағындағы 5 нүктеден атмосфералық ауаға өлшеу жүргізіп тұрамыз. Жалпы Қызылорда қаласы бойынша ластаушы заттардың максималды бір реттік шекті жол берілген шоғырлары бекітілген нормадан аспайды, – дейді В.Мұстаяпова.
Ауаның, судың, жалпы айналамыздың таза болуы адам өмірінің де сапасын жақсарта түседі. Ал бұл тәртіп сақталмаса, табиғатқа зиян тигізген кез келген тұлға жауапқа тартылады. Заң бойынша еліміздің әр азаматы табиғатты сақтау және оған зиян келтірмей, айналасына ұқыптылықпен қарауға міндетті. Өкінішке қарай, қазір өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға зиян тигізу оқиғалары көп кездесіп жатады. Ондай олқылықтар бола қалған жағдайда экология департаментіне қарасты зертхана мамандары бірден тексеріп, лайықты шара қолданады.
– Табиғат анаға зиян тигізу – болашағымызға балта шабумен бірдей. Сондықтан залал келтіретін оқиғалардың болмауын қадағалау – әрбір азаматтың парызы, – дейді мамандар.
Биболат СӘТЖАН
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<