Жер дауларының туындау себебі

385

0

Облыстағы Қармақшы, Сырдария, Жалағаш және Шиелі аудандарының бірнеше ірі шаруашылықтарында жер үлестеріне қатысты мәселе туындады. Мемлекеттік органдар прокуратура органдарымен бірлесіп, III Интернационал, Шаған, Шіркейлі, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылының тұрғындары арасында түсіндірме шараларын жүргізді.

Жергілікті әкімдіктер, мемлекеттік органдар жыл сайын дауласушы тараптарды келісімге келтіріп, үлесшілер құқығының сақталуына, сонымен қатар шаруашылықтардың межелеген егінін мерзімінде сеуіп, оның кедергісіз жиналуына ықпал етуде. Дегенмен, даулардың қайта өршуін тоқтату мүмкін болмай отыр. Бұған ықпал ететін факторлар да белгілі.

Бұл – шаруашылықтың қызметіне қатысты шаруашылық пен үлескердің арасындағы мәселелер (дивидендтер төленбеуі, оның мөлшерін келіспеу, жер үлесін бөліп алу және т.б.) және осы мәселелерді шешу жолдарының заңнамамен регламенттелмеуіне қатысты факторлар. Өңірдегі жер үлесі даулары болған шаруашылықтардағы мәселелерді түбегейлі шешу үшін мемлекеттік органдардан бөлек, шаруашылық (серіктестіктер), сондай-ақ ҚР Үкіметі, орталық уәкілетті органдар (министрлік) тарапынан бірнеше бағытта шаралар іске асырылуы керек. Сол кезде ғана мәселе түпкілікті шешіліп, үлес даулары азаяды.

Бірінші кезекте, шаруашылықтар (серіктестіктер) басшылары жер даулары, үлестер бөлінісінің алдын алу үшін шаруашылық құрамындағы үлесшілердің пікірімен санасып, өзі басқаратын шаруашылықтың қызметін неғұрлым ашық жүргізуге қалыптасуы, басқарудың жаңа форматына көшуі қажет деп санаймыз.

Бүгінде талдаулар көрсеткендей барлық шаруашылықта дерлік құрылтай құжаттары (жарғысы, құрылтай шарты) ескірген немесе өзектенбеген, серіктестік қатысушылары (үлескер) толық құқықтық тіркеуден өтпегені анықталып отыр, яғни олардың құжаттары заң талаптарына сай келмейді десе де болады.

Шаруашылықтың құрылтай құжаттарын заң нормаларына сәйкестендіру үшін серіктестік құрылтайшылары шаруа қожалығы құрамындағы үлесшілер тізімін қайта түгендеуі, деректерін нақтылауы (көшіп кеткен, қайтыс болған, мұрагерлігі рәсімделмегені және т.б.) керек. Мұрагерлік рәсімдеген азаматтарды үлесшілер қатарына енгізуі (жалпы жиналыс өткізу, жаңа үлесшінің құқығын мемлекеттік тіркеуден өткізу арқылы), тұрғылықты мекен-жайы өзгерген (көшіп кеткен) азаматтардың өкілдігін растайтын құжатты рәсімдеуі (шаруашылық басшысы немесе кез келген басқа азаматқа сенімхат рәсімдеу арқылы), жаңартылған құрылтай құжаттарын жалпы жиналыс қарауына шығаруы тиіс.

Шаруашылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін шаруашылық қатысушылары алдында жоспарлары, жетістіктері мен проблемалары жөнінде жүйелі есеп беруді, қатысушылар тарапынан өтініш білдірілген жағдайда кез келген мәселе бойынша жалпы жиналысты кедергісіз өткізуі, мәселелердің көпшілік талқылауынан өтуі арқылы шаруашылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді басшылыққа алуы қажет.

Басқарма басшысы ретінде шаруашылық басшыларын ұсынылған шараларды атқарып, жер дауларын болдырмауға атсалысуға шақырамын.

Екіншіден, үлестер мәселесінде біз орын алған келіспеушілік фактілерінің салдарымен айналысудамыз. Осы ретте, мемлекеттік органдар келіспеушілік пен наразылықтың алдын алу үшін оның туындау себептерін жоюға жұмыс жасауымыз керек.

Ол үшін Қазақстан Республикасы Үкіметімен заң шығару деңгейінде жұмыс жүргізіліп, үлескердің де, шаруашылықтың да құқығын қорғайтын және үлестен құралған серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының қызметін реттейтін арнайы нормалар қолданыстағы заңдарға енгізілуі қажет.

Бұл жөнінде облыс әкімдігі жер реформасы және республикалық жер комиссиясының жұмыстары кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Жер ресурстарын басқару комитетіне бірнеше қайтара ұсыныс берді.

Талғат ДҮЙСЕБАЕВ,

облыстық ауыл шаруашылығы және

жер қатынастары басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<