Жер кіндігі – Байқоңыр

223

0

Сурет ашық дереккөзден

Байқоңыр қалалық архив қоры құжаттарынан жинақталған дерекке көз жүгіртсек, 1955 жылдың 12 қаңтар күні аға лейтенант И.Денежкиннің басшылығымен Төретам бекетіне алғашқы құрылыс жұмыстарын жүргізуге бір взводтай солдат жеткізілді.

1955 жылы 10 наурыз күні Төретам төңірегін мұқият зерттеген орыс ғалымдарының дерегімен КССРО Әскери күштері Бас штабы полковник А.Васильевті басшы етіп, жедел топ ұйымдастырды. Қала құрылысын бастаған алғашқы құрылысшыларға қатал табиғат тауқыметіне қарсы тұруға тура келді. Қыста 40 градус аяз, оның үстіне азынаған жел, жазда ми қайнатар ыстық – бәрі-бәрі құрылысшыларға қиындық тудырды. Қала құрылысы осылайша басталған еді. 1955 жылдың 5 мамырында «Байқоңыр» космодромы астанасының іргетасы қаланды.

1956 жылы қала үлкен қарқынмен, әлемдік ракета қондырғылары орналасқан қалашықтарға қарағанда болып көрмеген шапшаңдықпен дамыды. Үйлер дайын болғанша офицерлер отбасы Төретамдағы жер кепелерде, вагондарда, жергілікті тұрғындардың үйінде қоныстанған. Қазақтар орыс халқын кеудесінен итермей, төрінен орын берді.

Құрылған уақыттан бастап «Байқоңыр» әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болды.

1957 жылы 4 қазанда Кеңестер Одағы адамзат тарихында тұңғыш рет жасанды жер серігі – «Спутникті» ұшырды. Космос кеңістігін ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу нәтижесінде 1961 жылы 12 сәуірде Ю.Гагарин космосқа сапар шекті.

1966 жылы 21 маусым күні Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының арнайы Жарлығымен «Ленинск» қаласы деп аталып, оған облыс аймағына жататын қала деген мәртебе беріледі. 1995 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен қала «Байқоңыр» атауын иеленді.

Тоқырау кезеңіндегі қиындықтар ғарыш айлағын да айналып өтпеді. Ғарыш саласының кәсіпорындары арасында байланыс жойылып, қажетті техникаларды жеткізу жүйесі бұзылып, ғарыш айлағының одан әрі дамуында кедергілер көптеп кездесті.

1991 жылдың 31 тамызындағы №410 Жарлық бойынша «Байқоңыр» кешені Қазақстанның меншігіне өтті. Ғарыш айлағының әкімшілік және мәдени орталығы болып Байқоңыр қаласы саналады.

«Байқоңыр» кешенін пайдалану мен дамыту бойынша 1994 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында 20 жылға «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарт жасалды. Кейіннен жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту жөнінде келісімге қол қойылды.

Бүгінгі таңда ғарыштық өңір ілгері дамуда.

 Б.ҚАПАНОВА,

 Байқоңыр қалалық архиві филиалының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<