Жерге мемлекеттік меншіктің субъектісі – мемлекет, яғни Қазақстан Республикасының өзі. Жердің меншік иесі ретіндегі мемлекеттің құқықтарын заң актілерінде белгіленген ережелерге сәйкес оның атынан мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады. Осы орайда облыс көлемінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орталық уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі ретінде облыстық жер ресурстарын басқару департаменті танылады.
Бұған дейін жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлігі болып келген уәкілетті орган Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтті. Сондай-ақ, «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысына сәйкес, департамент облыстың жергілікті атқарушы органының, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті органның (Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы) құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалғандығын айта кету қажет.
Жалпы, былтыр көлемі 16,8 гектарды құрайтын жер учаскелерінде 83 бақылау шарасы жүргізілді. Бақылау шаралары нәтижесінде жалпы көлемі 8,9 гектар учаскелерде 59 субъект тарапынан 61 құқық бұзушылық анықталды. 42 дерек бойынша 5411,035 мың теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылса, әкімшілік іс өндірісі қозғалмай 19 заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Салынған айыппұлдың 5323,525 мың теңгесі мемлекетке өндірілсе, 87,51 мың теңгені мәжбүрлеп өндіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қосымша 4 млн 158 мың теңге экономикалық шара қолданылды. Атап айтқанда, 2020 жылдың қорытындысы бойынша көлемі 38,89 гектар болатын 38 кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскенің жер салығының мөлшерін жоғарылату мақсатында оны пайдаланбаған және заңнаманы бұза отырып пайдаланған тұлғалар туралы мәліметтер мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды. Бүгінгі күнге мемлекеттік кірістер департаменті 2 млн 300 мың теңге қосымша салық өндірді.
Нұсқама талаптарының орындалуына жүргізілген бақылау-тексеру жұмыстары нәтижесімен, нұсқама талаптарды орындамаған 7 тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша әкімшілік іс өндірісі қозғалып, мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды. Нәтижесінде бұл фактілер бойынша 1 млн 858 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бақылау шаралары кезінде облыс аумағында кәсіпкерлік мақсаттағы көлемі 5,6 гектарды құрайтын 17 жер учаскесінде заң бұзушылықтар анықталды. Соған сәйкес, оларды жою туралы нұсқамалар беріліп, жер учаскесіне құқық ауыртпалығын тіркеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалына жолданды. Ал, мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою жөнінде сотқа көлемі 17,67 гектарды құрайтын 33 жер учаскесі бойынша талап-арыз берілді.
Қазір көлемі 7,12 гектарды құрайтын 12 жер учаскесі мәжбүрлеп алынса, кәсіпкерлік мақсаттағы 6 жер учаскесі (3,12 гектар) бойынша талап-арыздар сотта қаралуда. Көлемі 7,43 гектар 15 жер учаскесі бойынша берілген талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Бұдан бөлек, аудандық жергілікті атқарушы органдардың, аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ әкiмдерiнiң қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына жүргізілген бақылау шараларымен 3 нұсқама беріліп, заң бұзушылықтар толығымен жойылды.
Ауыл шаруашылығы жерінің игерілуі ел экономикасы әрі халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпалы зор. Осы ретте пайдаланылмай жатқан және ҚР заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне бақылау жүргізудің маңызы ерекше. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға дейін аудандық (қалалардағы ауданнан басқа), облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының құзыретіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жатқызылған.
Тиісінше, былтыр жергілікті атқарушы органдар жерді пайдаланбау немесе заңнаманы бұза отырып пайдалану белгілері бар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жерлерде бақылау шараларын жүргізді. Ол бойынша көлемі 10281,7 гектар болатын 42 жер учаскесінде заң бұзушылық анықталған. 38 жер учаскесі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 338-бабымен (Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбау) ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Қалған 4 жер учаскесі бойынша 58,34 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, толығымен мемлекетке өндірілді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген.
Былтыр мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланған ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 79200,73 гектарды құрайтын 144 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Алдағы уақытта да департамент тарапынан жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау тұрақты жүргізілетін болады.
М.ТІЛЕУОВ,
облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы





