ЖЕРДІ ЗАҢДАСТЫРУҒА ЖЕҢІЛ ҚАРАМАЙЫҚ

316

0

Соңғы жылдары қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамудың арқасында Қызылорда облысының құрылыс секторы жоғары көр­сеткіштерге ие болып отыр. Облыс орталығында, аудандарда жаңа шағын аудандар, әлеуметтік нысандар құрылысы бой көтеруде. Мектептер, заманауи тұрғын үй кешендері, саябақтар мен демалыс орындарының қатары  артты. Бір сөзбен айтқанда, қала аумағы үлкейіп, көркейіп келеді. Дегенмен, бұл саланың өзіне тән ерекше назар аударатын мәселелері де аз емес.
Қазіргі таңда жер учас­келерін бөлу, ғимараттарға тех­ни­калық паспорт беру, жерге орналастыру жобала­рын әзірлеу, техникалық пас­порттың телнұсқасын беру, жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарын дайындау, жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау секіл­ді мемлекеттік қызметтер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ немесе www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Жер қатынастары саласы бойынша мемлекеттік корпорация 10-нан аса қызмет түрін көрсетеді.  Барлық қызмет түрлері бекітілген ережелер мен нұсқаулықтарға сай жеке және заңды тұлғалардың сұранысы негізінде жасалады.
Жер мәселесі қашанда өзекті. Осы орайда, жер теліміне байланысты арыз-шағымдарды азайту,  халыққа мемлекеттік қызмет түрлерін сапалы және жылдам көрсету бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, алайда жерге орналастыру және жер кадаст­ры жұмыстарын жүргізуде, жұмыс деңгейін көтеруге мүмкіндік бермейтін көптеген мәселелер бар.
Мысалы, Қызылорда қаласы шекарасын алатын болсақ,  елдімекендердің жерлеріне түбегейлі, әр жер учаскесін өз орнында дұрыс орналастыру арқылы түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет. Түгендеу жұ­мыстарының қаржы-экономи­калық тиімді жақтары бар, сон­дықтан ақылы негізде жүзеге асады.
Атап айтқанда, түгендеу нәти­жесінде табыстау көлемі­нің нормасынан артық алған жер пайдаланушылары анықталып, олар артық алынған жерлердің құнын өтеуге мәжбүр болады. Сонымен қатар, нысаналы мақсаты бойынша пайда­ланыл­майтын жерлер мен өздігінен алып алған жер телімдері анықталып, жасал­ған алгоритм­ге сәйкес айып­пұл төлегеннен кейін жерге құқығын рәсімдей алады. Ал түгендеу кезінде анықталған бос жатқан жер учаскелері алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша табысталу үшін жер телімдерін мемлекеттік қорға (резервке) қоюға болады. Бұл жұмыстар өз кезегінде жер телімдері мен жылжымайтын мүліктерден түсетін салықтың артуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ҚР Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қыз­меттерге қол­жетімділікті қам­тамасыз ету жөнінде жұ­мыс тобы құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде кезекші карталар жасақталып, жер ресурстары бойынша уәкілетті орган мен сәулет және қала құрылысына мекен-жайлық регистрлер түсірілді. Бұл өз кезегінде тұр­ғындар арасындағы әлеуметтік шие­леністі азайтты.  
2010 жылдан бастап жер кадастры саласының электрон­дық картасы қол­да­нысқа  енгізілді. Бұған дейін электронды карталар мен құрылғылар болмағандықтан, бей-берекетсіздік фактілері жиі кездесетін. Қазіргі таңда жоғары дәлдікті жер өлшегіш құрылғылар жұмысты едәуір жеңілдетті. «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруды жалғастыруда.
Атап айтсақ, жер учаскелері туралы барлық мәлімет мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпа­рат­тық жүйесінің  компоненті http://www.aisgzk.kz  веб-пор­та­лында жарияланып отырады.
Мемлекеттік жер кадас­т­ры автоматтандырылған ақ­параттық жүйесінің деректер қоры бүгінгі таңда Қазақстан сандық бағдарламасының бір үлесі болып табылады.
Веб-сайт арқылы кез келген жағдайда мемлекеттік органдар логин және құпия сөз арқылы жер учаскесіне қатысты мәлімет алу мүм­кіндігі бар, соның ішінде:
1)  жер учаскенің орналасқан орны;
2)  жер учаскенің көлемі;
3)  жер учаскесінің нысаналы мақсаты;
4)  жер учаскесінің меншік иесі туралы мәлімет (аты-жөні, ЖСН/БСН, тұрақты мекен-жайы, құқықтық негіздемелері);
5) жер учаскесінің кадастр­лық нөмірі;
6) жер учаскесінің орналас­қан мекен-жайы;
7) жер учаскесіне іргелес шектеулер;
8) жер учаскенің топырақ­тың бал бонитеті, түрі, экономикалық сипаттамасы.
Сонымен қатар, Қызылорда облысын дамыту үшін және инвестиция бөлетін әр келген инвестор және жер пайдаланушы (меншік иесі) жер учаскесінің мәліметін көруге мүмкіндік береді.
Бұл сервис барлық жеке және заңды тұлғалар үшін ашық қолжетімді, ақпарат тегін беріледі. «Жер кадастрлық сызбасы» сервисінде мәліметтер апта сайын жаңартылып отырады.
Көп адам жер сатып алып бірден баспана салады. Сосын ол жер рұқсатсыз берілген болып шығады. Немесе су, жарық, газ кіргізе алмай әлек болып жүреді.  Сондықтан жер алушылар өздерінің жерге құқықтарын уақытында заңдастырғаны жөн.
Ешқандай кедергі туындамас үшін «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметіне жүгініп, барлық құжаттарды «бір терезе» қағидатымен тез және сапалы рәсімдеуге бо­лады. Бұл өз кезегінде аза­­мат­тардың уақытын үнем­деп, артық шығыннан сақтан­дырады.
Мемлекеттік корпорация мамандары жер учаскесін жан-жақты зерттеп, мұрағаттағы барлық мәліметті пайдалана отырып, қажет болған жағдайда далалық зерттеу жұмысын жүргізіп, жерге орналастыру шараларын жүзеге асырады.
Бұл – ауқымды жұмыс, сондықтан ол алдағы уақытта да жалғасын табады.
Айдын ҚАЙРУЛЛАЕВ,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік
корпорациясы» КЕ АҚ
Қызылорда облысы бойынша филиал директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<