Жергілікті жазушының пьесасы сахналанды

445

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық-драма театрының шығармашылық ұжымы жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Идальго» трагикомедиясын тұңғыш рет көрермен назарына ұсынды.

Пьеса авторы басты кейіпкері Қиянханды әділдік, ақиқат, адамгершілік қағидатын берік ұстап, өмірде өтірікпен, көзбояушылықпен күресуші тұлға ретінде сипаттайды. Ол айтыстан жеңіліп, біреудің әйеліне араша болам деп таяқ жеп, тауы шағылады. Бірақ өз ойынан – әділдік, адалдық, ақиқат жолынан қайтқысы жоқ.

Қиянхан – келеңсіздіктермен Дон Кихот сияқты жеке дара күрескерлікке шығатын кейіпкер. Әділдік, тазалық, адалдық жолында жанын беретін, санаға сәуле құятын ойластырылған персонаж.

Сайлаубай Жұбатырұлы оқырманға Қазақстандағы экология тақырыбын елу жылдан астам уақыт бұрын көтерген көсемсөз шебері ретінде кеңінен таныс. Ол жарты ғұмыры мен шығармашылық қабілетін Арал теңізінің түйткілін қозғауға арнап келеді. «Абыржы» трилогиясы мен «Отты өткел», «Бумеранг», «Жасыл сағым», «Алыстағы аралдар» сияқты кітаптардың авторы.

Қаламгердің пьесасына негізделген спектакльде басты рольдерді театр артистері Сұлтанбек Бисеналиев пен мәдениет саласының үздігі Арай Көшімбаев сәтті орындап шықты. Ал режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Хұсейн Әмір-Темір.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<