Жерлес жазушы шығармалары

1830

0

«Әрбір жарық көрген кітап ойлы оқырманның қызығушылығын тудырады. Егер жаңа кітап көркем проза әрі нағыз қаламгердің туындысы болса, оған қызығушылық та екі есе артатыны сөзсіз. Ал туынды өзге тілде де жақсы аударма түрінде басылып жатса, бұл қаламгер үшін ғана емес, ұлт әдебиеті үшін де үлкен қуаныш». Бұл – аудармашы Ербол Давлетовтің жерлес жазушы Жолтай Жұмат Әлмашұлының «Ащы да тәтті өмір» романдар жинағы «Жизнь горькая и сладкая» деген атпен Мәскеуде басылып шыққанда айтқан пікірі.

Елімізге белгілі қаламгер, Сыр өңірінің перзенті Жолтай Әлмашұлының бұл романдар жинағы Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген болатын. Жазушының жинағы алдымен 2018 жылы Астанада «Ащы да тәтті өмір» деген атпен қазақ тілінде басылған. Туынды «Олигарх және Олимп» атты роман-элегия мен «Интерадам» деген роман-әфсанадан тұрады. Заманауи көзқарасқа жазушылық шеберлікпен терең қозғау салған жаңа туындыға ресейлік баспа мамандары жоғары баға берген. Бұл туралы «Литературная газетада» рецензия жарияланды.

Жолтай Әлмашұлы 1957 жылы Жаңақорған ауданындағы Қыраш ауылында дүниеге келген. Жазушы «Біздің команда», «Күн тәртібі», «Жетім жұлдыздар», «Сұлтанбек Қожанұлы», «Нәзір Төреқұлұлы», «Найзашың», «Әуезовке қайта оралу», «Қызыр қонған Түркістан», «Сұлуды сүю», «Қасиетті мекендегі қала», «Ахмед Ясауи қаласы», «Әзірет Сұлтан аңызы», «Зов свободы» секілді кітаптардың, «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ», «Күлкі мен жас» романдарының, бірнеше драмалық шығармалардың авторы. Жекелеген туындылары ағылшын, өзбек, әзербайжан, қырғыз, қарақалпақ, түрік тілдерінде жарық көрген.

Қаламгерлікті әуелі прозадан бастаған Жолтай Әлмашұлының көркем прозасы, оның ішінде тарихи тақырыптағы роман, хикаят, әңгімелері көпшілікке жақсы таныс. Туындыларының негізгі желісі  ұлтымыздың өткен ғасырдағы бастан кешкен қайғы-қасіретімен тікелей астасып жатыр. Ұлт тағдырына тікелей әсер еткен соқталы да салалы мәселелерге драма жанрында да қалам тербеді. Шығармашылық иесінің ең алғашқы драмасы – Мағжан ақынның түрмедегі соңғы түнін суреттейтін «Абақты-ғұмыр» болатын.

Жыл сайын оқырманын жаңа туындыларымен қуантып отыратын жазушы кейінгі кездері көлемі шағын романдар жазып жүр. «Олигарх және Олимп» – сондай романның бірі. Онда тағдырдың жазуымен америкалық миллиардердің қолдауына ие болып, олигарх атанған Шерқала тумасының өмір жолы суреттеледі. Атағы туған жеріне жетіп, бір күні кейіпкер Шерқалаға аттанады. Үйде ол көп нәрсені жаңаша үйренеді.

Ал, «Интерадам» романында жаһанданудың адамдарды әлеуметтік желі арқылы желіден жұбаныш іздеп, жансыз роботқа айналдыратыны туралы айтылады. Бұл романда автор адамның виртуалды әлемге тәуелділігінің жан түршігерлік салдарын талдауға тырысқан.

Жолтай Әлмашұлының жаңа романдары көлемі шағын болса да, жан әлемінің өте нәзік мәселелерін көтерген. Сыр топырағынан түлеп ұшқан қаламгердің туындылары орыс оқырмандарына жол тартып, қазақтың ұлттық әдебиетінің беделін көтере түскені көңіл қуантады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<