ЖЕРЛЕСТЕРДІҢ ЖҮЛДЕСІ

364

0

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында өткен «Жүрсіннің жүйріктері» жобасы ақтық мәреге жетті. Алты айға созылған жүйріктер бәйгесінде бас жүлдені бабы мен бағы қатар шапқан, дарынды ақын, «Алтын домбыраның» екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов қанжығалады.
Түрлі тақырыптарда сөз қозғап, оралымды ойымен озық шыққан ақын бас жүлде үшін сөз додасында қарағандылық Дидар Қамиевпен бәске түскен болатын. Жобада бұған дейін Серікзат Дүйсенғазин, Тілеген Әділов, Рүстем Қайыртайұлы секілді адуынды ақындармен айтысқан ол Дидардан да оқ бойы оза шықты. Осылайша, халықтың сара сөзінің сахнада салтанат құруында аянбай тер төкті, асыл мұрамызды тағы бір белеске көтерді. Сыр елі үшін ақынның бұл жеңісі үлкен сый болды.
Айта кету керек, «Жүрсіннің жүйріктері» – ежелден қалыптасқан айтыс өнерін шоу қойылымдар арқылы жаңа биікке көтеріп, ел ішінде, жастар арасында айтыскер ақындардың мәртебесін қалыптастыратын мега-жоба. Бұл айтысқа 20 ақын қатысса, оның ішінде тағы бір жерлесіміз Ержан Әміров үшінші орын төрінен көрінді. Қара сөзді қадірлеп, ел абыройын асқақтатқан қос  ақынымызға өз кезегімізде тек сәттілік тілейміз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<