Әр таңды жаңа жырмен қарсы алатын, арқалы ақын Елубай Әуезовтің есімі әдебиеттің айналасында жүргендерге жақсы таныс. Әлеуметтік желі арқылы сиясы кеппеген туындыларын көпшілікке ұсынатын ақынға қалың оқырманның да қошеметі ерекше.
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен «Сыйлағым кеп тұрады біреуге үміт» атты жыр кешінде ақынның жеті кітабы таныстырылды. Бұл шығармашылық иесінің табиғат берген талантымен қоса, үздіксіз ізденісі, дамылсыз еңбегінің жемісі болса керек.
Әдеби-сазды кешті «Сырдың Қадыры» атанған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы жүргізді.
Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Елубай Әуезовке аймақ басшысының құттықтауын табыс етті. Сонымен қатар, ақын кешіне арнайы келген «Таң-Шолпан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі Айдар Сейдазым, талантты ақын Асантемір Қаршыға сынды қонақтар игі тілек жолдап, сый-сыяпат табыстады.
Сыр елі ақындарының атынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова, ардагер-ұстаз Қанзада Алтаева құттықтап, ақ тілегін жүректен шыққан жыр шумақтарымен жолдады.
Ел ағалары Ө.Шәменов, И.Әбибуллаев, ақынның ауылдасы, тарихшы, өлкетанушы Ж.Байзақ тілек арнап, оқырманға жол тартқан кітаптардың тұсауын кесті.
Қалалық Жастар театрының өнерпаздары ақын өлеңдерін кәсіби шеберлікпен әрлеп, оқырманға әсерлі жеткізді. Сондай-ақ ақын сөзіне жазылған әндер орындалды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<